Русский Сайттың толық нұсқасы

"Бойымда қандай жақсы қасиет болса, бәрі- әжемнен қалған асыл мұра",-Людмила Байқадамова

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2022
  • 2594

Ақтөбеде қазақтың бауырында өсіп, тәлім алған, қазаққа келін болып, балалары мен немерелеріне қазақы тәрбие берген Людмила Байқадамова есімді кейуана тұрады. Түрі бөлек болса да, жүрегі қазақ деп соғатын қарияның  мақал-мәтел, бата, алғыс сөз жинайтын жақсы әдеті бар. Қазыналы қартпен  аймақтағы тілшіміз кездесіп, бала тәрбиесі туралы әңгімелесті.

Людмила Сұлтанқызы «бойымда қандай жақсы қасиет болса, бәрі әжемнен қалған «асыл мұра» дейді.  70 жыл бұрын   анасына еріп,  Қиыр Шығыстан Қазақстанға көшіп келгенде кішкентай Люданы әжесі Ақсұлу жатсынбай, бауырына басып, өз тәрбиесіне алған екен. «Немеремнің үлкені» деп жанынан тастамай, білген-түйгенін құлағына құйып өсірген. Әжем айтқан «ұят болады, обал болады, жаман болады» деген үш ауыз сөз мені адам қылды дейді ол.

Людмила БАЙҚАДАМОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ұят болады, өйтіп жүрме, үйге жүгіріп кірме дейді. Нанды баспа, аяқ астына тастама, обал болады дейді. Ағып тұрған судың да сұрауы бар, обал болады, айналайын, босқа төкпе деп айтып, тәрбиелеген мынау менің өзім жақсы көретін асыл әжем, Ақсұлу әжем. Осы кісінің тәлім-тәрбиесімен өсіп-өндік.

Людмила аузынан  тастамайтын әжесі өмірден тоқығаны мол жан болған. Көкірегіндегі сол қазынаны немересіне аямай берген. Қазақ тілін үйреткен. «Әжем алғаш келген күні мені ас үйге ертіп апарып, мынау тары, құрт, ірімшік деп ұлттық тағамдарды көрсетті. Менің қазақша айтқан бірінші сөзім «тары» болды»  деп ерекше ықыласпен еске алады. Людмила Сұлтанқызы өзі қазір әже болса да, әлі де әрбір ісіне  іштей «әжем не дер еді?» деп қарайды.  

Людмила БАЙҚАДАМОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір ыңғайсыз бірдеңе істесем, ой осыны әжем мақұлдамас еді, менің осы айтып тұрғанымды әжем дұрыстамас еді, мен осы артық кеттім-ау, осы әжем не дер еді осы жағдайда деп, өзім немере-шөбере сүйіп отырмын, сонда да әжемді ойлаймын. Қарғам дейді, тіпті атымды атаған жоқ. Өле-өлгенше қарғам, қарғам деген сөзбен кетті. Соның өзі бір тәлім-тәрбие емес пе?!


Людмила Байқадамова өскелең ұрпаққа Ақсұлу әжесінің даналығын жеткізу үшін өз  аузынан естіген көне мақал-мәтелдерді, құлағы шалған ерекше баталарды, алғыс сөздерді жиып теріп, жазып отырады. Қолжазба дәптерінде 800-ден астам мақал бар.   Ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан жоқтау, тиым сөздерін де ерінбей қағазға түсіріп жүр.

Людмила БАЙҚАДАМОВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына соткадан көріп, бізге, біздің қазекеңе, кең байтақ даласына жарамайтын жағдайларды біз анааау Америкадан, Англиядан алғымыз келеді. Ол бізге лайық емес. Біз ата-бабамыздан қалған салт-ғұрпымызды сақтай білуіміз керек.


Людмила Сұлтанқызы- өмірге төрт бала әкеліп, солардан тараған  немере-шөберені сүйіп отырған бақытты жан.   Ұрпақ  тәрбиесіне ерекше мән береді.  Балаларға арналған әңгіме-ертегілер де жазады.  Балалық шақтың естелігі - «Жиде» әңгімелер жинағының бес бөлімі  дайын.

Г. Сейтенова