Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордадағы жаңа мөлтек ауданның тұрғындары жарыққа жарымай отыр

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2022
  • 1428

Қызылордада Арай-шұғыла мөлтек ауданының тұрғындары жарыққа жарымай отыр. «Кешкісін қысым өте аз болғандықтан, тұрмыстық техникаларымыз күйіп кеткен кездер де болды» дейді. Айтуларынша, кезінде электр бағаналарын өздері тұрғызып, сым тартып алған. Енді халық көбейген сайын ол  сыр беріп жатыр дейді. Қаланың қақ ортасында тұрып, сан алуан түйткілмен бас қатырған жұрттың шағымын тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы тыңдады.

Арай-шұғыла мөлтек ауданынан  жұртқа  жер саяжай есебінде берілген. Ал тұрғындардың тұрақты қоныстана бастағанына 10 жылдан асыпты.  2019 жылы аумақ қала меншігіне өтті дейді  тұрғындар. Содан  бері  жарықтың жайын айтып қақпаған есік қалмағанын айтады.  Қаланың қақ ортасында тұрсақ та  жарығымыз сығырайып тұр деп ашуланады.

Нұрбек ҚАЛЫШОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұның қауіптілігі өте жоғары. Өйткені әркім қолда бар  ағаштарымен тартып алған бағаналармен, бөренелермен. Ол шіриді ертең, құлауы мүмкін. Паутина болып тұр ғой. Әркім өзіне керегін ала береді. Стандарт бойынша 3 фаза болса, ешкімге нагрузка да түспейді. Бізде бәрі 1 фаза.
 
 
Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Арай-шұғыла мөлтек ауданына жарық осы трансформатордан таратылады. Көріп тұрғындарыңыздай ешқандай қауіпсіздік сақталмаған. Тұрғындар балаларының өмірі үшін алаңдап отыр.

Тұрғындардың айтуынша, мөлтек аудандағы көшелердің  атауы жоқ.   Арай-шұғыла деп аталатын 9 көшеде үйдің реттілігі  де жүйесіз. Соның салдарынан  жедел жәрдем қызметі де, такси де үйді таппай, адасады.  

Талғат ТӨЛЕГЕНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәрінің аты Арай-шұғыла, 9 көшенің аты да  номерация да әрқайсысынікі әр түрлі. Менің үйім мысалға 81 болса, көршімдікі 7, одан кейінгісі 55. Жедел жәрдем шақырсақ та, пожарный шақырсақ, такси шақырсақ іздеп таба алмайды. 1-2 сағат іздеп жүреді. Қай жерде, көшеге шығып фанар жағып тұруымыз керек.

Құрылыс бөліміндегілер жарықтың мәселесін шешуге 150 млн. теңге қаржы керек дейді. Ал оның бюджеттен қашан бөлінетіні белгісіз.  

Біржан ДАЛАБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Егер биылғы жылға жобаны бастауға немесе толық аяқтауға немесе өтпелі қылып бастауға қаржы бөлінген жағдайда әрі қарай тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Барлық мәселені бір мезетте шешіп тастау мүмкін емес нәрсе. Бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешіледі.


Мәдениет бөлімінің мәліметінше,  қалада 765 көше бар. Соның  83-і әлі күнге сандық нөмірлермен ғана белгіленген. Ұлттық санақ жұмыстарының жүргізілуіне байланысты оларға атау беру жұмыстарының кешеуілдеп жатқанын айтады.  

Нұрсұлтан ӘБІЛДАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Арай-шұғыла мөлтек ауданының көшелерін ономастикалық комиссияның күн тәртібінде қараймыз. Заңға сәйкес көше беру жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Жергілікті билік өкілдері  мәселе жақын арада шешіледі деп сендірді.  Тұрғындар енді сол уәденің орындалуын күтеді.   

М. Тоқтасынқызы