Русский Сайттың толық нұсқасы

"AMANAT" партиясының араласуымен әлеуметтік мәселе шешімін тапты

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2022
  • 1321

Орал қаласы тұрғындарын мазалаған әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Оған "AMANAT" партиясы қолдау көрсеткен.  Қоғамдық қабылдауға келіп, көмек сұрайтын азаматтар өте көп дейді партиялықтар. Олардың шағымы ешқашан назардан тыс қалмайтынын айтады.    

Орал қаласының  тұрғыны Динара Қабиеваның  айтуынша, бұл көшеде жарық мүлдем болмаған.  "Қас қарайған соң, үйден шыға алмай қаламыз", дейді. Шыдамы шегіне жеткен тұрғындар "AMANAT" партиясының қоғамдық қабылдауына барып, көмек сұрапты.

Динара ҚАБИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Көшеміздің іргесінде орман тиіп тұр, мұнда небір бұзақылар жүреді. Сондықтан тентек біреу-міреу ұрынып жүре ме деп баламыз мектепке барып-келгенше уайымдаумен боласың. Амалымыз таусылғасын, "AMANAT"-тың қоғамдық қабылдауына барып, жәрдем сұрадық. Арада ай өткенде бірден үш көшеге жарық жүргізіп берді. Сол күні қатты қуанғаннан үйімізге кіргіміз келмей ұзақ уақыт сыртта жүрдік. Өтінішімізге орындаған "AMANAT-қа" мың алғыс!

Халықпен тұрақты кездесіп, мұң-мұқтажына құлақ қойған депутаттардың айтуынша, бұқараны толғандыратын мәселелердің дені - әлеуметтік жағдай. Тұрғындар ауланы абаттандыру, жарық жүргізу, көшені асфальттау, балаларға ойын алаңдарын салып беруді сұрайды. Халқы жылдан жылға көбейіп келе жатқан Орал үшін бұл заңды, дейді депутат.

Нұргүл АШИКОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:


Көпбалалы ата-аналар келеді. Олар материалдық көмек сұрайды. Сосын үйдің мәселесімен көп келеді. Халықта сондай шешілмей жатқан мәселелер көп. "AMANAT" партиясының депутаттары халыққа қалай болғанда да, қай жағынан болса да көмектесуге қол ұшын беруге қашан да дайын.

Бұл көшеге жарық жүргізу бюджетте мүлдем қарастырылмаса да, "депутаттық сағат" арқылы осы мәселені көтерген партиялықтар бірден үш көшеге жарық жүргізуге ықпал етті. Айта кетелік, былтырдың өзінде "AMANAT" партиясының қоғамдық қабылдауына төрт жарым мыңға тарта тұрғын көмек сұрап келген. Олардың жартысына жуығы оң шешімін тауыпты. Көшесіне жарық жүргізіліп, көңілін демдеген тұрғындар енді бейнебақылау камерасын қоюды сұрап отыр.

Е. Карин