Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан топтар кем дегенде екі жыл дайындалған,- Айман Омарова

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2022
  • 919

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан топтар кем дегенде екі жыл дайындалған. Өйткені ақпараттық дайындық қаңтар оқиғасынан ерте басталған. Заңгер Айман Омарова мәжілістің жалпы отырысында осындай пікір білдірді. Оның сөзінше, қаңтардағы оқиға кезінде жаппай тәртіпсіздікті кәсіби дайындалған топтар басқарған және олардың арасында тек бейбіт тұрғындар ғана емес, сонымен қатар арнайы қызмет мамандары мен қылмыстық топтар да болған. Себебі, лаңкестер арнайы қоймаларда сақталатын, улы заттарды да алып қашпақ болған деді.

Айман ОМАРОВА, ЗАҢГЕР:

Қаңтар оқиғасы кезінде қоймадан күшті әсер ететін улы заттар, калий цианиді бар бірнеше бөшке ұрланған. Бұл заттың 500 граммы бүтін бір қаланың тұрғындарын мүгедек қылуға жеткілікті. Зауытта шамамен 35 бөшке болған. Сонымен қатар, қоймаларда күйдіргіш сода, азот қышқылы және басқа да химиялық заттар болды.

Ал, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың дерегінше, қаңтар оқиғасын тергеп-тексеру кезінде өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстық іс тіркелген. Ол алдағы сот процестерінің ашық, әрі оған тәуелсіз бақылаушылардың қатысуы қажет деп санайды.

Эльвира ӘЗІМОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:

Бұл мәселе бойынша мен Жоғарғы сот төрағасына және Бас прокурорға жүгіндім. Сол қайғылы оқиғаларға байланысты адам өміріне қауіптің жоғары деңгейі болғаны анық. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан мыңнан астам азамат түрлі дәрежеде жарақат алды.

Б. Сатуов