Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылық кәсіпкерлердің біразына келтірілген шығын толық төленді

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2022
  • 972

Бейберекетсіздік кезінде бүлінген бизнес нысандарының жұмысы қайта жанданды. Алматылық кәсіпкерлердің көпшілігіне келтірілген шығын толық төленді. Ал кей дүкендер мен ақша айырбастау орындары сараптама қорытындысын күтеді.  Қазір өз ісіне қайта оралған кәсіпкерлер сол кездегі ауыртпалықты ұмыта алар емес.  

Лаңкестер күл-талқанын шығарған мегаполистегі нысандар бұрынғы  тіршілігіне оралды. Әкімдік бизнес субъектілерінің өтінішін мақұлдаған. Кәсіпкер Қанат Жалғасовтың 3 млн теңгеге жуық шығынын өтеген.

Қанат ЖАЛҒАСОВ, КӘСІПКЕР:

Мына есіктердің бәрі сынған, терезелердің бәрі. Мына полкілерде бәрі ұрланды. Өте қымбат сағаттар болған солар кетті. Жүрегім ауырып кетті. Менің екі кредитім бар. Бала-шағам бар. Сеніп отқан дүниемді біреулер алып кеткеннен кейін шыдай алмадым.

 
Көзілдірік пен қымбат сағаттар сатумен айналысатын кәсіпкер қазір жұмысын қайта бастады. Бүлік кезінде қала тұрғыны Жеңіс Дүйсенғалиевтің де көлігі зақымданған болатын.
 
Жеңіс ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бесінші қаңтарда әдеттегідей жұмысқа бара жатқанмын. Бір топ азамат мені Райымбек даңғылының бойында тоқтатпақшы болды. Көлігімнің алды-артын да ұрып жатты. Түсіп, өздеріне қосылуды сұрады. Мен қанша ұрғылап жатса да, тоқтамай жүріп кеттім.  
 
Бүгін бас прокурор қақтығыстан қаза тапқандар санын мәлімдеді. Көбі Алматыда тіркеліпті.  

Берік АСЫЛОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:

Елде барлығы 230 адам қаза тапты, оның ішінде 19-ы әскерилер мен қауіпсіздік қызметкері. Алматыда 139 адам көз жұмған. Абайсызда оқ астында қалған тағы 20 азаматтың қазасы да бар. Оның 11-і Алматыда, сегізі Алматы облысында және біреуі Таразда.

Тәртіпсіздік салдарынан қираған нысандар Шымкентте де бар. Келтірілген шығын шамамен 2,4 млрд.теңгені құрады. Зардап шеккен 29 шағын және орта бизнес иелеріне шамамен 195 млн теңге қаражат төленген.

Ә. Лесбек