Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы шалғай ауылдардың тұрғындарын мобильді қабылдауға кірісті

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2022
  • 1154

Бүгін «AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өз жұмысын бастады. Қарағанды және Ақмола облыстарының 10 шалғай елді мекенінде болып, тұрғындардың ең өзекті мәселелерін тыңдады. Мал, егін, жайылымдық жерге қатысты мәселе көп көтерілді. Ауыл халқы ел аманатын арқалаған партиядан осы проблемаларды шешуге ат салысуды сұрады.

Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылы, облыс орталығынан шамамен 300 шақырымдай алыс орналасқан. Мұндағы халық малмен күн көреді. Оларда 9 мыңға жуық төрт түлік бар. Бірақ оны жаятын жер тапшы. Малы өскен сайын жайылымы тарылған жұрт соңғы 10 жылдан бері иесіз жатқан даланы ел игілігіне беруді сұрап келеді. Бірақ құзыретті орындар оны шеше алмаған.  

Амантай ДӘУІПБАЕВ, ҚАРҚАРАЛЫ АУДАНЫ ЕГІНДІБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Зоотехникалық норматив бойынша бір жылқыға 15-16 гектар жер керек. 1 ірі қара сиырға 12-13 гектар жер керек. Кішкентай қойдың өзіне 5 гектар жер керек. Ауылдың басына малға шаққанда бізге халыққа 57 мыңдай гектар жер керек боп отыр. Біздің сұрайтынымыз сол бос жатқан жерді халыққа пайдалануға беру керек.


Ауыл ақсақалдарының соңғы үміті - «AMANAT» партиясында. Бүгін Егіндібұлақ ауылында өткен алғашқы мобильдік қабылдауда тұрғындар осы мәселені шешуге ат салысуды сұрады. Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері, мәселені оңтайлы шешуді өз міндеттеріне алды.

Азамат БІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұл тек қана жергілікті құзырлы органдардың қолдарында емес, бұны заңнама түрінде енгізетін мәселелер. Сондықтан да мына мобильдік қоғамдық қабылдау осында келіп республикалық деңгейде көтеруге бел буып отырмыз. Оған қоса шалғайда жатқан ауылдардың мәселерін көтеру оларға сараптама жасау, қай ауылда, қай ауданда қандай мәселе бар екенін сараптау. Мұны мемлекеттік құзырлы органдарға тапсырып, оған бақылау жүргізіп жол картасына енгізу. Міне осындай үлкен мақсат алдымызда тұр.

Ал Ақмола облысына қарасты Новосельское ауылының тұрғыны Светлана Поль елді мекенді сумен жабдықтау мәселесін көтерді. Оның айтуынша, сумен жабдықтау желілерінің әбден тозығы жетіп, бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді.

Светлана ПОЛЬ, АТБАСАР АУДАНЫ НОВОСЕЛЬСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Су жиі ақпай қалады. Әсіресе жылдың осы мезгілінде. Мәселен, жақында ғана тоқтап қалды. Бұл бізге таңсық жағдай емес. Сондықтан да су аққан кезде ыдыстарымызды толтырып алуды әдет қылғанбыз. Бұл қарт адамдарға, әсіресе жалғызбастылар үшін қиындық туғызады. Мәселемізді амантықтар шешеді деп сенеміз.   

Аманаттықтар Ақмола облысына қарасты Новосельское, Чапаевское, Ақсай, Үлгі, Сабынды сияқты барлығы 5 ауылға барды. Қоғамдық қабылдауда көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты мәселелер көтерілді. Жалпы, екі облыста 100-ден астам тұрғын қабылдауға келіп, мәселелерін жеткізді.

Әлия САДЫРБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ауыл тұрғындарының партияның филиалдарына баруға бәрінің мүмкіндігі жоқ. Мәселелерін партия фракциясының депутаттарына жеткізу оңай емес. Біз тұрғындардың келуін күтіп отырмай, оларға өзіміз барамыз. Бұл бір реттік акция емес, енді тұрақты түрде болады. Бұл тіпті, шалғай ауылдардың проблемаларын назарға алып, сол бойынша жүйелі шешімдер қабылдау үшін ақпаратты талдауға мүмкіндік береді.


Көшпелі қабылдау өткізіп, тұрғындардың проблемасын тыңдауды Мемлекет басшысы, партия төрағасы тапсырған болатын. Партия белсенділері бұл іске білек сыбана кірісіп кетті. Алдағы үш айда мобильді қоғамдық қабылдаулар еліміздің барлық өңірлерін аралап, шалғай ауылдарға ерекше көңіл бөлетін болады.

Т. Әлжанов