Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда 600 мыңға жуық адам баспанаға мұқтаж

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2022
  • 1144

Қазақстанда 600 мыңға жуық адам баспанаға мұқтаж. Бұл үй кезегіне тұрғандардың ресми дерегі. Ал кезекке ілікпегендер қаншама. Ел азаматтарының баспана мәселесін шешу күн тәртібінен түспей келеді.  Дегенмен көпшілік Мемлекет басшысының сәрсенбіге жоспарланған Жолдауына үлкен үміт артып отыр. Ел тұрғындары жолдаудан не күтеді? Бұл сұраққа әріптестерім жауап іздеп көрді.

Президенттің алдағы Жолдауына павлодарлық белсенділер де үлкен үмітпен қарайды. Облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Амантайұлы бұл жолдау халықты толғандырған өзекті мәселелердің шешілуіне жол ашылады деп отыр. Депутаттың пікірінше, халыққа бірінші кезекте саяси реформа қажет. Елдің әлеуметтік мәселесі шешілмей, ісіміз алға баспайды – дейді.

Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жастардың көпбалалы болуын ынталандыратын, әр балаға берілетін жәрдемақы, сол арқылы бала санының өскендігіне байланысты баспанаға тезірек қол жеткізудің жолы деген сияқты бір реформа болса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл көптен бері көптің көкейінде жүрген мәселе.


Оралдықтар да Президент жолдауында келелі мәселелер қамтылатынына сенімді. Олардың айтуынша, ең басты мәселе – жұмыссыздық. Мұны шешу үшін республикалық деңгейдегі орталық комиссия құрылуы керек – деп санайды. Өйткені осыған дейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көрсеткіші қолдан жасалған, жалған дерек болып шыққан.    

Светлана БАХИШЕВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бізге қабылдауға көп адамдар келеді. Білесіз бе, негізінен үш проблема: 1. Баспана сұрайды. 2 азық-түліктен көмек сұрайды. 3 қаржылай көмек сұрайды. Мұның барлығы халықтың әлеуметтік деңгейінің, кедейшіліктің қиын жағдайында тұрғанын көрсетеді. Егер осы мәселелер түзелсе, Қазақстанның дамуына үлкен сенім бар. Мен осы мәселелердің шешілгенін қалар едім.

Халық та бұл жолдауды тағатсыздана күтуде. Олар бұрынғы жолдаулардан өзгеше болады дейді. Ел ішінде оңтайлы өзгерістер болса, тұрмыс жақсарады деп топшылайды.

БЛИЦ:

- Көптеген жас отбасылар қалада пәтер жалдап тұрады. Көбісінің жағдайы жете бермейді соған. Мемлекеттік бағдарламалар ұйымдастырса, жас отбасыларға арнап.
 
- Геосаяси жағдайға байланысты Қазақстанның өзіндік тығырықтан шығу жолдары нақты қандай болу керек. Оған нақты қандай қадамдар жасалады. Әсіресе, осындай жағдайда ұлттық қауіпсіздік, әлеуметтік қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі. Осы сұрақтарға жауап естігім келеді осы жолдаудан.


Естеріңізге салайық, Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы жолдауын биыл 16-наурызға жарияламақ.

Ө. Қуанар