Русский Сайттың толық нұсқасы

Президент жолдауында қандай мәселелерді көтерді?

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2022
  • 1527

"Күшті Президент - ықпалды парламент - есеп беретін Үкімет". Мемлекет басшысының бүгінгі жолдаудағы негізі стратегиялық мақсаты осы. Енгізілетін өзгерістердің бәрі халықтың тікелей сұранысы бойынша орындалып жатыр, деді ел Президенті. Парламенттің бірлескен отырысында көптеген өзекті мәселені шешудің жолдарын Мемлекет басшысының өзін ұсынды. "Жаңа Қазақстан", оның алғышарттары қандай? Тілшіміз тарқатады.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

"Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы". Президенттің Қазақстан халқына жолдаған биылғы жолдауы осылай аталды. Мемлекет басшысының бұл төртінші жолдауы. Әдетте, бұл күздің басына қарай жоспарланатын. Жолдаудың аты айтып тұрғандай басқаларына қарағанда мән-маңызы айрықша. Осы жолы саяси реформаларға басымдылық берілді. Соның бірі "Супер Президенттіктен" біртіндеп арылу. Яғни Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттің рөлін арттыру керек, дейді.

Реформа жасап жатырмыз деген атау үшін ғана, реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мемлекет басшысы мұны бірнеше рет айтқан еді. Жолдаудағы міндеттелген өзгерістер толығымен жүзеге асуы шарт, деді. Айтуынша, бұл жұртқа жақсы көріну үшін жасалатын жұмыс емес. "Жаңа Қазақстанда" енді орындалуы екіталай, күмәнді жоспарлар назарға алынбайды. Жалпы айтқанда, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды түп тамырымен жою тиіс. Халыққа да керегі сол деп қосты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.
 

Жолдаудан орын алған жаңа саяси реформалар 10 бағытқа бөлінген. Ең алғашқысы - Президенттің өкілеттігі туралы. Қоғам да, еліміз де өзгерді, деген Қасым-Жомарт Тоқаев "суперпрезиденттік" басқару үлгісінен біртіндеп бас тарту керектігін айтты. Ал партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн, деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да  заңнамаға енгізген жөн.

Сондай-ақ әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керектігін жеткізді. Сөзінше, мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жолдауда сайлау жүйесін жетілдіруге де басымдық берілген.  Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Сонымен бірге, Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту жайы да сөз болды. Бұл саяси ұйымдардың санын арттыруға жол ашпақ.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Партияларды тіркеу рәсімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.


Сайлау үдерісін жаңғырту. Халықаралық тәжірибеде науқанды ұйымдастыру ұдайы өзгеріп отырады. Оған бір мысал - пандемия. Бұл уақытта жаңа технологиялар арқылы дауыс берудің түрлі тәсілі пайдаланылды. Болашақта сол жаңашылдықтардың үздігін тәжірбиеге енгізу керек, деді Президент. Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы үміткерлердің үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынды. Ал сайлауды байқаушылардың қызметін заңмен реттеу қажет екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз  бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет.
 
Бұдан бөлек, құқық қорғау институттарын күшейту туралы да айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажеттігін айтты. Жоғары соттың жұмысын жақсартып, судьялардың әділдігін күшейту туралы тапсырма берілді. Президент бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеті және еркін болу керек, дейді. Өзекті мәселелерді де жиі көтеріп тұруға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін  айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты.


Көпшілікті қуантқан тағы бір жағдай - жаңа облыстардың пайда болуы. Олар: Абай, Ұлытау, Жетісу өңірі. Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқаруды оңтайландыру жайы сөз болды. Басқаларына қарағанда қысқа әрі нұсқа болған жолдаудың соңғы бағыты қазіргі геосаяси ахуалды да қамтыды. Мемлекет басшысы жағдайды ескере отырып Үкіметке дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен бірге, азық-түліктің бағасына назар аударуды тапсырды. Мемлекет тарапынан бұл бағытқа барынша қолдау көрсетілу керек, деді Президент.  

А. Данияр