Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында нөсер жауыннан төрт ауданның тұрғындары сумен алысуда

  • AstanaTV
  • 16 наурыз 2022
  • 794

Нөсер жауын Түркістан облысы тұрғындарын титықтатып тұр. Толассыз жауған жаңбырдан әсіресе Мақтаарал мен Жетісай ауданының халқы зардап шегуде. Мұнда жерасты сулары көтеріліп, аулалар мен баспаналар қызыл суға толған. Мамандарда да тыным жоқ. Алайда аптаға созылған жауынның тоқтайтын түрі көрінбейді.

Бұл - Жетісай ауданы. Апта бойы жауған жаңбыр салдарынан тұрғын үйлер мен қора-жайлар судың ортасында қалған. Тұрғындар аяқтан резеңке етікті тастамайтын болған.
 
Алпысбай ОҢДЫБАЕВ, ДОСТЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Туалетке етікпен барамыз, етікпен жүреміз, резеңке етікпенен. Қойларымыз, сиырларымыздың бәрі белуардан суда. Баратын жеріміз жоқ. Жас балдарымыз бар үйде, шыға алмайды. Кеше немеріміз суға түсіп кетті. Судың ішінен зорға шығарып алдық.  


Ауданға қарасты оншақты ауылдық округте де жағдай осыған ұқсас.  Жаңбыр суы жерге сіңбей көл болып жатыр. Оны жан-жаққа ағызуға көпшілігінің шамасы жоқ. Салдарынан қора жайлар құлай бастапты. Мақтаарал ауданы халқы да табиғаттың тосын мінезінен шаршаған. 11-наурызда басталған жауын әлі толастамаған. Төтеншеліктер аймақта жауынның мөлшерден артық жаууы жағдайды қиындатып отырғанын айтады.

Ерік САРЫБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Бірінші онкүндікте түскен жаңбырдың көлемі 29 мм-ді құрап отыр. Ал норма көпжылдық нормаға сәйкес бұл 18 мм болуы қажет еді. яғни 161 пайызға нормадан асып түсіп отыр.
 
Жерасты суларын соратын 392 тік дренаждың көбі істемейтіні де "жығылғанға жұдырық" болып тұр.
 
Әшірбай ТАСОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жалпы ауданда 392 тік дренаж болатын болса, бүгінгі таңда 82-сі жұмыс жасап тұр. 72-сі режимге сәйкес тоқтап тұр. 233-і жөндеуді қажет етеді. 113 тік дренаж бүгінгі таңға мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып жатыр.

 
Мақталы өңірдің аулаларындағы қызыл суды сыртқа ағызуға жүзден астам маман жұмылған. Ауа райын болжаушылар 20-наурызға дейін аймақта нөсер жаңбыр сақталатынын ескертуде.
 
А. Төребекқызы