Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде әшекей бұйымдар көрмесі өтті

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2022
  • 4076

Ақтөбеде  ұлттық әшекей бұйымдар көрмесі өтті. Оны "Шолпы" клубы ұйымдастырған. Бұл ұйым  қыз балаларды әдет-ғұрып, салт-дәстүрге баулиды.  Оған мүше аға буын өкілдері көрмеге мектеп оқушыларын шақырып, қазақтың әшекей бұйымдарының тәрбиелік мәні жөнінде әңгімелеп берді. «Шолпы, шашбау, білезік пен сырға -сұлулықтың ғана емес, сыпайылықтың да символы. Халқымыз сондай-ақ шаштың ұшына байланатын әшекейлер жын-шайтанды қуып, тіл-көзден сақтайтынына сенген», - дейді олар.

Бибігүл СЕЙІТОВА, «ШОЛПЫ» КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазақ халқының даналығы сондай, күміс шолпы арқылы қыздардың бойын түзу ұстауы, әдемі ұстауы, яғни шылдырлағанын білдіртпей жай жүруі - қыз баланың тәрбиесіне үлкен мән берген.

Батыс өңірінің әйелдерге арналған әшекей бұйымдары - зергерлік өнердің ерекше бағыты іспетті. Көне әшекейлер топтамасы облыстық тарихи-өлкетану музейінде көпшіліктің наразына ұсынылды.  Мұнда  19-ғасырда қазақ қыздары шашына таққан шолпы  сақтаулы. Күмістен жасалған бұйым өте әдемі, салмағы -3 келі. Ал, күміспен күптеліп, асыл тастармен көмкерілген өңіржиектің музейде түр-түрі бар.

Алмагүл САРЫБАЙ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бой жетіп, тұрмысқа шығатын қыздар, кей жерлерде келіншектер осы үш тақтадан тұратын өңіржиектерді таққан. Ал, енді ол үлкен ана болып, олардың баласы көп болсын, өсіп-өне берсін деген мақсатта олар осындай бірнеше тақтадан тұратын өңіржиектерді таққан екен.

Г. Сейтенова