Русский Сайттың толық нұсқасы

"Бірінші айлақ бүгін іске қосылады",- Б.Ақшолақов

  • AstanaTV
  • 25 наурыз 2022
  • 1212

Каспий құбыр желісіндегі жағдай 3 аптада реттеледі. Сондықтан, айтарлықтай шығын болмайды. Бұл туралы бүгін министр Болат Ақшолақов айтты. Ведомства басшысының сөзінше, даурығуға себеп жоқ. Бұл қалыпты апаттық жағдай. Шенеуніктің мәліметінше, бүгін бірінші айлақ қайта іске қосылмақ. Кеше ғана консорциум басшылығы қара алтын тасымалы мен өндіріс тоқтайтынын мәлімдеген еді. Құбыр желісіндегі жағдайға қатысты жаңа ақпараттармен Лаура Қуанышқызы бөліседі.

Министр Болат Ақшолақовтың сөзінше, Новороссийск аумағындағы 3 айлақтың екеуінде апаттық жағдай байқалған. Ал, бұл өз кезегінде жұмыстың толық тоқтауына әкеліп соққан. Қазір жағдай оңынан реттеліп келеді, - деді. Өйткені, Каспий құбыр желісі консорциумы мамандары бірінші айлақтың бүгін іске қосылатынын хабарлапты.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Бүгін таңертең: "істен шыққан жылжымалы айлақ құрылғыларының біреуі жұмысын жалғастыратыны туралы ақпарат" алдық. Танкерлер жеткізіледі. Негізінен, бұл өндірістегі айтарлықтай шығындардан құтқарады. Дауыл басылып, 1-ші құрылғы іске қосылса, жағдай түзеледі. Ал, істен шыққан құрылғыларды әріптестеріміз 3 апта ішінде қалпына келтіреді деп сенеміз».

Шенеунік Ресейдегі құбыр желісіндегі жағдай тез арада реттелуі тиіс деп санайды. Алайда, пессимистік сценарий жоқ емес. Ел мұнайы экспортын тоқтатпау үшін балама жолдар қарастырылып жатыр. Оның бірі "Атырау-Кеңкия" құбыр жобасын кеңейтіп, қуаттылығын 12 миллион тоннаға дейін арттыру. Мәселе әзір зерттелуде. Дегенмен Каспий құбыр желісі консорциумының жұмысы тоқтамайды, сондықтан уайымдауға негіз жоқ, дейді ол.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Қазір ешкім ешқандай жұмысшыны жұмыстан шығарып жібергелі жатқан жоқ. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Каспий құбыр желісі консорциумындағы проблема жалақының, жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі деген әңгімені мүлдем айтпай-ақ қояйық. Бұл шартты түрде айтқанда, қалыпты апаттық жағдай.

Ал, егер құбыр желісіндегі жөндеу жұмыстары ұзаққа созылса, жағдай шынымен қиын. Себебі, елдегі ең ірі 3 мұнай кен орнында өндіріс қысқарады. Әзірге, отандық кен орындары біраз уақыт резервуар паркіне жұмыс істемек. Министр Новороссийсктегі құбыр желісіндегі апат қасақана жасалуы мүмкін деген қауесетке де нүкте қойды.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Тағы қайталап айтамын, Каспий құбыр желісі консорциумы бұл халықаралық консорциум. Оның негізгі акционерлері батыс елдерінен, америкалық, еуропалық акционерлер. Ешкім өз-өзіне қастандық жасамас еді. Бұл ешкімді пайдаға кенелтпейді. Тіпті, Ресейдің өзіне мұның түк пайдасы жоқ.

Экономист Мақсат Халық болса, жақында мұнай бағасының қайта шарықтайтынын айтып отыр. Қазіргідей теңге тұралап тұрғанда мұнайдан түсетін табыс еліміз үшін аса маңызды болмақ деді. Консорциумдағы жағдай тез реттелмесе, теңге қайта әлсірейтінін болжайды. Өйткені, долларлық түсім азайып, тапшылық орнайды. Оның пайымынша бұл АҚШ валютасының күшеюіне, теңгенің құлдырауына апарады.

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Алдағы уақытта мұнай бағасы тағы өсуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан да, Қазақстан өз мұнайын әлемге шығарудың тетіктерін таба алмаса онда біз қыруар табыстан айрылып қалатын жөніміз бар қазіргі уақытта. Бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды.

Мамандардың айтуынша, қазір мұнай табыстарынан түсетін салық бюджеттің 50 пайыз түсімін құрап тұр. Сондықтан, алдағы уақытта қара алтын саудасының балама жолдарын ғана емес, мұнайға тәуелділіктен де біртіндеп арылу қажет деп отыр.

Л. Қуанышқызы