Дүниежүзілік сауда ұйымы Ресейге қарсы санкциялар әлемде азық-түлік тапшылығын тудыруы мүмкін деп болжайды. Салдарынан кедей елдер айтарлықтай зардап шегеді. Бұл туралы ұйым басшысы Нгози Оконжо-Ивеала мәлімдеді. Сарапшылар Украинадағы дәнді дақылдар алқабының болашағына алаңдаулы. Олар Украина әлемде бидай жеткізу бойынша көшбасшылардың қатарына кіретінін ескерсек, жағдай шынымен ушығады деп отыр. Мәселені әрі қарай тілшіміз Әділжан Бердібеков тарқатады.
Түрлі болжамдарға сенсек, биыл Йеменде 19 мыңға жуық адам кедейшіліктің қамытын киеді. Бұл былтырғыға қарағанда 13% артық. БҰҰ мәліметінше, дер кезінде көмек корсетілмесе, ол адамдар аштықтан көз жұмады.
Антониу ГУТЕРРИШ, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ:
Біз өмірді құтқару бағдарламаларының үштен екісін қысқартуға немесе жабуға мәжбүрміз. 8 миллион адамға азық-түлік рационы азаяды. Алдағы апталарда ірі қалаларда шамамен 4 миллион адам таза ауыз суға қол жеткізе алмауы мүмкін.
Ресей мен Украина текетіресі Ауғанстан, Бурунди немесе Чад сияқты басқа кедей елдерге де зиянын тигізуі мүмкін. Дүниежүзілік сауда ұйымының басшысы Нгози Оконжо-Ивеала The Guardian-ға берген сұхбатында «Биылғы жылы Украинада егіс науқаны үлкен мәселеге айналды. Жағдай күрделене түсті», - дейді. Айтуынша, экономикалық санкциялар да оптимизмді арттырмайтын көрінеді.
Нгози ОКОНДЖО-ИВЕАЛА, ДСҰ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Қазіргі жағдай әлемдегі азық-түлік бағасына биыл да, келер жылы да айтарлықтай әсерін тигізбей қоймайды. Азық-түлік пен жанармай-кедей адамдардың тұтыну қоржынындағы ең маңызды екі зат. Бұл жағдайдан ең қатты зардап шегетіндер де солар.
Қазірдің өзінде сарапшылар бүкіл әлем бойынша азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсуін тіркеуде. Өсімдік майы мен сүт өнімдері қымбаттады. Ендігі кезек нан, макарон және ет өнімдерінде дейді.
Максимо ТОРЕРО, БҰҰ-НЫҢ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ЭКОНОМИСІ:
Себебі Ресей мен Украина әлемдегі бидайдың 30% - ын жеткізеді. Ендігі мәселе мынада АҚШ немесе Австралия сияқты басқа экспорттаушы елдер бұл тапшылықтың орнын жаба алады ма?
БҰҰ-на қарасты Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтері бойынша Дүниежүзілік азық-түлік резервіне бүкіл бидайдың жартысына жуығын Украина жеткізіп отырған. Гуманитарлық ұйым тиісінше азық-түлікті соғыстан немесе табиғи апаттардан зардап шеккен елдерге таратады. Дүниежүзілік сауда ұйымы болса Ресей мен Украина арасындағы кикілжің 2000 жылдардың басында болған "аштық көтерілістерінің" қайталануына әкеледі деп ескертеді. Оған негіз де жоқ емес. Мәселен, Йеменде аштыққа ұшырағандардың саны қазір халық санының үштен екісінен асты.
Ә. Бердібеков