Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің нан зауытына жөнелтілген 35 вагон бидай Ресейдің шекарасында тұр

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2022
  • 1508

Ақтөбе нансыз қалуы мүмкін бе? Аймақтағы ірі наубайхананың бірінің Ресейден сатып алған бидайын сондағы шекарашылар өткізбей жатқанына алаңдаулы. Астық тиелген 35 вагон қазір Орск теміржол бекетінде тұрғанын айтады. Бұған Ресей үкіметінің бидайды елден шығаруға тыйым салғаны себеп болған. Тығырыққа тірекелген кәсіпкер кімнен көмек сұрарын білмей дал. Жауаптылар болса бұл мәселе жергілікті деңгейде шешімлмейтінін мойындайды. Тараптардың тыңдаған әріптесім тақырыпты тарқатады.

Әлеуметтік нан пісіруші кәсіпорын ресейлік компаниядан 2 мың жарым тонна бидай сатып алған. Сауда-саттықты айдың басында, тыйым туралы қаулы шықпай тұрып жасадық, дейді наубайхана директоры.  Құжаттары түгел болғанымен, 35 вагон бидай екі аптадан бері Ресейдің Орск қаласында қаңтарылып тұр.

Тимур ШАЙМАҒАМБЕТОВ, «РАМАЗАН» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бидайды жеткізуші компаниямен келісім-шартымыз бұрыннан бар. Компания жетекшісімен сөйлескенімде, 14 наурызда вагондарды аттандыруға дайын болдық дейді. Алайда, дәл сол күні Ресей үкіметінің бидайды сыртқа шығармау туралы қаулысы жарияланды. Қазір бұл проблеманы қалай шешетінімізді ойластырып жатырмыз. Вагондардың тұрғаны бәрінен бұрын серіктесіме қиын. Оларды кері қайтаруы мүмкін.

Нан пісіруден бөлек, ұн және ұн өнімдерін өндіретін кәсіпорын басшысы әзірше ішкі қорды тұтына тұрамыз дейді. Оның өзі сәуірдің ортасына дейін ғана жетеді екен. Бұған қоса, бидайдың жоспарланған көлемінің болмауы бұл айда өндіріс көлемін азайтуы мүмкін. Ресейден жеткізілетін бидай компанияның айлық сұранысының 30 пайызын жауып тұрған.  Мәселені өз бетінше шеше алмаған кәсіпкер «Атамекен» палатасынан жәрдем сұрады.

Руслан КҮЙШІНОВ, «АТАМЕКЕН» ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бұл сұрақты 25-наурызда ресейлік тараппен, Орынбор облысының бизнес-омбудсмені Виктор Коршуновпен онлайн-режимде талқыладық. Жағдайды реттеуге ықпал етуді сұрап, сол күні хат та жолдадық. Нәтижесін күтіп отырмыз.

«Атамекеннің» өңірлік кеңсе қызметкерлері жағдайға екі елдің үкіметіндегілері араласпаса, проблеманы аймақтық деңгейде шешуге қауқарсыз екенін айтады. Ал, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағылар қорда ұн да, бидай да, жеткілікті, алаңдайтын негіз жоқ дейді.

Исатай ЕСПАҒАНБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ресейден келе жатқан бидай тапшылыққа әсер етпейді. Ол «Рамазанның» өзінің қажеттіліктеріне арналған, шетелге шығарады. Біздің Ақтөбе облысына қажетті ұн мәселесін шешу үшін «Продкорпорациядан» сол «Рамазан» мекемесіне 10 мың 30 тонна арзандатылған бидай бөлінді. Ол біздің жыл аяғына дейін нан өнімдеріне қажеттілікті қамтамасыз етуге толықтай жеткілікті.

Дегенмен жергілікті нан зауытының өкілдерінің ендігі үміті Үкіметте ғана. Тым болмаса, қаулы шықпай тұрып, бидай толтырылған вагондарды өткізу жайын құзырлылар шешіп берсе, дейді.

Г. Сейтенова