Русский Сайттың толық нұсқасы

Екібастұзға қарасты Шідерті кенті орталық жылуға қосыла алмай отыр

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2022
  • 858

Екібастұзға қарасты Шідерті кенті орталық жылуға қосыла алмай отыр. 3 мыңға жуық халқы бар елді-мекенде, бұрын орталықтандырылған жылу болған. Алайда, тоқсаншы жылдардағы тоқырау кезінде жылу құбырлары тоналып, істен шығыпты. Қазір тұрғындар пеш жағып, жылынып отыр. Жылу қазандығы бола тұра жылуға жарымаған тұрғындар мәселесі «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының мобилді қоғамдық қабылдауында көтерілді.  Қабылдауда Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасын қайта жөндеуден өткізу мәселесі де айтылды.

Шідерті кентінің байырғы тұрғыны Серік Бейсенов 30 жылға таяу пеш жағып жылынып отыр. Жасы 75-тен асқан ақсақалға от жағу оңайға соқпаған. Оның үстіне зейнетақыға отын да салмақ болуда.

Серік БЕЙСЕНОВ, ШІДЕРТІ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы бізге қиын болып тұр қартайған шағымызда. Жас кезіміз болса, нетпейміз ғой. Содан 140 мың жұмсадым көмірге. Енді зейткерлерге қиын. Бәйбішем ауырады. Оның зейнетақысы дәрі дәрмегінен қалмайды өзі.


Шідертіде шешімін таппаған тағы бір мәселе аула ішілік жолдар. Көктем шықса, жолдар ми батпаққа айналады. Жаяу түгілі көлікпен өтудің өзі қиямет қайымға айналған.

Еренғайып МЫРЗАБЕК, ШІДЕРТІ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жүру өту қиын болады. Балаларға қиын қазір мектептке барады. Садикке барады. Қалай өтетенін бізде білмейміз. Машина жалдап, таксиге төлеп балалар аяқ киімін былғамас үшін.


Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз етіп отырған Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасының да жағдайы мүшкіл. Өткен ғасырдың 70 жылдары бой көтерген сорғы станцияларының құрал жабдықтары әбден ескірген. Салдарынан апаттар жиі орын алуда. Ал су арнасын толық жөндеуден өткізуге 67 млрд теңге қажет.

Марат МАКЕНОВ, Қ.СӘТБАЕВ АТЫНДАҒЫ СУ АРНАСЫ ПАВЛОДАР ФИЛИАЛЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

74 жылдан бастап, нақты пайдаланылуға берілді. Содан бастап, негізгі қондырғылар дейміз ғой. Электрлі, механикалық қондырғылар көбі ауыстырылған жоқ. Әйтеу ұсақ түйек саймандар ауыстырылды. Негізі толығымен қайта құрылым жасалған жоқ.

Өзекті мәселелермен «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімі мамандары жеке-жекет танысты. Енді олар түйткілдің шешілуіне жіті күш салмақ.

Әлия САДЫРБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:


Біз бүгін мобилді қоғамдық қабылдауда 21 тұрғынды қабылдадық. Мәселе өте көп. Бір адам екі-үш мәселе көтерді. Басты мәселе Сәтбаев атындағы канал. Мұнда қордаланып қалған проблемалар жетіп артылады. Каналдың өзін жаңғыртудан өткізу керек. Жалақы мәселесі де шешілмеген. Кентте бұдан басқа да тұрғындарды толғандырған мәселе өте көп. Барлығын, Премьер министердің орынбасарына дейін жеткізетін боламыз.


Әр мәселені жіті қараймыз - деген аманаттықтар, ешқандай проблема ескерусіз қалмайды - деп сендірді.

Ө. Қуанар