Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда шаруалар техника сатып алуға арналған субсидияға қол жеткізе алмай жүр

  • AstanaTV
  • 29 наурыз 2022
  • 1045

Павлодарлық  шаруалар техника сатып алуға арналған субсидияға қол жеткізе алмай жүр. Мәселе қаржының жоқтығында емес, ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен шекті баға мен техника құнының алшақтығында болып тұр. Өйткені,  мемлекет  кез келген техниканың тек 25 пайызын ғана өтейтін көрінеді.  Оның өзінде сатып алынатын қондырғылар тым қымбат болмауы керек деген талап қойған.  Ал қымбатшылық жайлаған заманда шаруаларға арзан техника табу  мүмкін болмай тұр. Мәселенің мәнісін әріптесім Өзгеріс Қуанар біліп көрді.

Азат Әміржанов  асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.  Бірақ, ауылда  малшы табу қиын дейді ол. Сондықтан, шаруа малға жем-шөп салатын арнайы техника сатып алған.  Алайда, ол тым қымбатқа түскен көрінеді.

Азат ӘМІРЖАНОВ, ШАРУА:
 
Жем-азық шашатын техниканы алып жатырмыз міне. Барлық ақшаны осыған салдық. Шамасы сол 15 млн. теңге тұрады. Қайтаратыны сол 900 мың теңге болып тұр. Шамасы сол 4-5 млн-ға тауып алу керексіндер-деп тұр. Ондай бағаға техника жоқ қой.  


Шаруаның сөзінше, министрлік ұсынған бағаға жем-азық шашатын құрылғы алу мүмкін емес.  Өйткені, оның құны күннен күнге қымбаттап барады. Жас кәсіпкер Аяз Теміршотов та  бұл шектеудің қолбайлау болып тұрғанын айтады.   Ол  өзінің азын-аулық қаржысына топырақ қопаратын соқа мен жем үгуге арналған қондырғы сатып алған. Мемлекет қайтаратын субсидияға жағар-жанармай алуды жоспарлап отыр.

Аяз ТЕМІРШОТОВ, ШАРУА:

Жем үгітетін қондырғының бағасын  300 мың теңге деп белгілеген.    Бізге сол бағаға тауып берсе аламыз. Бірақ жоқ қой сол. Біз 4 млн. теңгеге алдық. 380 вольттық кабеліне ғана 150 мың теңге төледім. Нормативтегі баға бойынша біз техника жаңарта алмаймыз.   


Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен шекті нормасы 5 жылдан бері өзгертілмеген.  

Азат СҰЛТАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:

25 пайыз субсидия кез -келген техниканың жалпы құнына емес, нормативтік тәртіп бойынша белгіленген бағаға сәйкес беріледі. Норматив ең арзан немесе орташа баға  жиынтығына қарап белгіленді. Шағымдар көп болғандықтан қазір арнайы жұмыс тобы құрылды. Фермерлердің сонда арыз беруіне болады.

Биыл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 24 млрд. теңге субсидия бөлінген. Оның 8 млрд-тан астамы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жоспарланған. Алайда, министрліктің бекіткен талабы өзгермесе, қомақты қаржы игерілмей қалуы  әбден мүмкін , дейді шаруалар.

Ө. Қуанар