Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарамағындағы қызметкерлерден "ақша жинады" деп айыпталған полковник ақталып шықты

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2022
  • 2193

Қостанайда 11 ай тергеу изоляторында отырған полиция полковнигі ақталып шықты. Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Айгүл Маманова қамақтан босатылды. Оған былтыр лауазымдық өкілетілігін асыра пайдаланды деген айып тағылған еді. Алайда ол сот барысында кінәсін мойындаған жоқ. Куәгерлер яғни полиция қызметкерлерінің көбісі өз еріктерімен ақша аударғандарын жеткізді. Тек тоғыз адам қаражатын қайтарып алғысы келетінін білдірген. Жәбірленушілердің аты-жөндері жасырын болды. Ал айыпталушы «ақша жина» деген нұсқау жоғарғы басшылықтан түскенін айтып ақталды. Қызметкерлерден жиналған қаражат басқармадағы түрлі имидждік іс-шаралар өткізуге жұмсалса керек. Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушы, Айгүл Мамановаға бес жылға жаза кесуді, полковник шенінен айыруды сұрады. Бірақ сот басқа үкім шығарды.

Зәуре ЕДИКОВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қостанай облысы ПД тергеу басқармасы басшысының орынбасары оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына орай, Қостанай қаласы екінші сотының үкімімен ақталып, сот залынан қамақтан босатылды. Сот ақталушының заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылуына байланысты келтірілген залалды өндіру құқығын таныды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

З. Санай