Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық 400 отбасы үйлеріне кіре алмай жүр

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2022
  • 1501

Елордалық 400 отбасы «Басшылардың көзбояшылық әрекеті салдарынан үйсіз қалатын болдық», - деп  шағымданды. Кілт беру шарасы   салтанатты түрде желтоқсан айында өткен, содан бері  4 ай өтсе де   өз үйлеріне әлі  кіре алмай жүргендерін айтады.  Мәселенің мән-жайын толығырақ тілшіміз Әділжан Бердібеков жеткізеді.

Тұрғындардың айтуынша, кілтті санаулы адамға тек көзбояушылықпен берген. Шара біткен соң оны қайтарып алды дейді. Себебі, үйдің құрылысы әлі толық аяқталмаған. Онда әлі су да, жарық та жоқ, кәріздік жүйе іске қосылмаған көрінеді. Жалғызбасты ана Ханшайым Жандарбекова 2014 жылдан бері үй кезегінде тұрған.  Армандаған үйіне енді қол жеткіздім бе дегенде, жауаптылар сергелдеңге салып қойды деп ашынады.

Ханшайым ЖАНДАРБЕКОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ешкім алған жоқ кілтті. Құр әшейін жүрміз. Енді мен жазсам звондап маған айтады жазбаңыз деп. Әлдері жалғыз басты анаға келетін болса, келсін алдыма. Алдымда тұрып сөйлесін. Телефонмен мені қорқытып, үркітпесін.

Көпшілік былтыр желтоқсан айында Отбасы банкіне барып, төлем қабілеттілігін  растайтын анықтама да алдық дейді. Оның да жарамдылық  келер айда аяқталатынын айтады. Тағы да қолда тұрған мүмкіндіктен қағыламыз  ба деп уайымдайды.

Дархан ҚОНЫСБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің айтатынымыз Отбасы банк алдында біздің уақытымызды созады ма, болмаса келістіріп береді ма? Платежеспособності біз қайтадан өтпеуіміз керек деп ойлаймын.

Тұрғындар мәселенің сағызша созылып бара жатқанына алаңдаулы.  Я боларын, я болмасын білмей дал боп жүрміз дейді.

Наспура МҰРАТХАН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мектепке балаларымыз бару керек сентябрьде. Менің 1 класқа баратын балам бар. Мен оның документін бұл жерге тапсыра алмаймын өйткені мен мына жерде жоқпын.

Ең болмаса, пәтеріміздің  құжаттарын қолымызға ұстатса дейді жұртшылық. Ал жауаптылардың айтуынша, мәселе көп ұзамай шешіледі.
   
Әділет ӘНУАРБЕКОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда тұрғын үй басқармасына осы үйлерді беру бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Нақты айтсам сәуір айының аяғына дейін асып кеткенде мамыр айының басына дейін жұмыстар бітеді деген ойдамыз.


Мамандардың айтуынша, тұрғын үй әлі қалалық құрылыс басқармасының теңгерімінде. Демек нысан  тұрғын үй қорына өтпегендіктен  сату-сатып алу келісімшартын жасау мүмкін емес дейді.   Отбасы банк заң бойынша 6 айда тұрғындарды төлем қабілеттілігін растау үшін  қайта шақырады. Тықыр таянған соң  тұрғындар шырылдап жүр.   Ал жауаптылар күтуден басқа шара жоқ дейді.  

Ә. Бердібеков