Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада ғарышкерлер балалармен кездесті

  • AstanaTV
  • 12 сәуір 2022
  • 1184

XXI ғасырда ғарышқа ұшу ешкімді таң қалдырмайды. Ғарышта қандай ғылыми жаңалық ашқаның маңызды. Қазақстан аспан әлемінде ел үшін құнды миссиялар орындайтын жаңа буын ғарышкерлерін тәрбиелеуге зор мән беріп отыр. Сол үшін халықаралық авиация және ғарышкерлер күнінде космосты бағындырған батырлар балалармен кездесті.

Шыңғыс Ақниязов - астрофизик. Ол ғарыш кеңістігіндегі қоқыс мәселесімен айналысады. «Қаз-Сәт» спутниктерінің жолындағы кедергілерді жояды. Соқтығысу қаупін сейілтеді. Ғалымның пікірінше, космостың мүмкіндіктерін пайдаланбаған ел 100 жылға артта қалады. Сондықтан дамимын деген мемлекет жер асты байлығына емес,  көк аспанның құпиясына бойлау керек деп топшылайды.  

Шыңғыс АҚНИЯЗОВ, В.Г.ФЕСЕНКОВ АТЫНДАҒЫ АСТРОФИЗИКА ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Космонавтика - қашаннан трендтегі сала. Бұл - әр баланың қиялында жататын арман. Ғылымға қызығушылық мектеп кезінен басталары анық. Қазір үлкен қалалардағы жарықтың молдығынан аспан әлемінің әдемілігі байқалмай қалды. Бұл расымен проблема. Жоғарыға қараған кезде өзіміздің қаншалықты кішкентай екенімізді түсінеміз. Ондағы құпияны ашқың келеді.
 
Барлық ғылым саласына инновация космос арқылы еніп отыр. Тіпті медицинаның өзі ғарышқа тәуелді. Ұлттық ғарыш орталығы мақсатты сапарларына ғарышкерлерді мектеп жасынан іріктеуді қолға алған.  Сондықтан мектеп оқушыларының нано-спутник құрастырып, оны ғарышқа аттандыруына мүмкіндік ашуда.

Баубек ОРАЛМАҒАМБЕТОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЭРОҒАРЫШ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Балалар жылына орай биылғы мерекеде ұрпақ сабақтастығына аса мән бердік. Ал кешенді жұмыстарға келер болсақ, биыл заңнамаға өзгеріс енгізбекпіз. Біздің спутниктер – геостационарлық. Ал қазір геостационарлық емес заманауи спутниктер тобы бар. Ол әлемнің кез келген нүктесіне сапалы интернет байланысын береді. Аталмыш жаңа технологияларға көшуге қазіргі заңнама мүмкіндік бермейді.  


Ғалымдар спутниктік байланыс жүйесі бойынша Қазақстанның қажеттілігі түгел ақталып отырғанын айтады. «Қаз-Сәт-2»-нің жұмысы 2026 жылға дейін ұзартылған. Ал «Қаз-Сәт-3»-ті 2029 жылы ауыстырмақ. Байқоңыр ғарыш айлағында Ресеймен бірлесе отырып, Бәйтерек жобасын жүзеге асыруға кіріскен.

А. Съезбек