Русский Сайттың толық нұсқасы

БҚО-да су басу қаупі бар ауыл тұрғындары көшірілді

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2022
  • 1070

Батыс Қазақстан облысындағы су басу қаупі бар, Чинарев ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушылар эвакуаиялаған 150-дей адамның ішінде балалар мен қариялар да бар.

Олардың кейбірі көрші ауылдағы мәдениет үйіне орналастырылса, енді бірі төтеншеліктердің арнайы көлігін паналауда. Енді бірі өз көлігімен туыстарының үйіне кеткен. Сонымен қатар 250 бас мал қауіпсіз жерге шығарылыпты. Облыстық төтенше жағдай департаментінің дерегінше, әзірге өзен суы үйлерге жетпеген. Құтқарушыларға көмек қолын созған жеке компаниялар арнайы техникаларын ұсынған.

Нұралы МҮСИЕВ, БҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Елді мекенде үш жерден мониторинг жүргізу бойынша бақылау пункттері белгіленді. Сол жерлерде қапшық орнату және бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді және 1 200-ден астам қапшық орнатылып, 235 метр жер қапшықпен қорғалды. Сонымен қатар бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілді.


Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақстан облысымен шектесетін Ресейдің Ташла ауданындағы бөгетті еріген қар суы жырып кеткен еді. Бұл су қоймасында шамамен 8 млн. текше метр су жиналған. Екпіндей аққан қар суы Чинарев ауылына қатер төндірген. Ресейліктер қалпына келтіру жұмыстарына бүгін кірісетінін хабарлады.

Е. Карин