Русский Сайттың толық нұсқасы

Азық-түлік бағасы әлем бойынша тарихи максимумға жетті

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2022
  • 1182

Ресейге салынған санкциялар бүкіләлемдік азық-түлік алмасу тізбегін бұзды. Салдарынан  баға 30 процентке өсіп,  тарихи антирекорд тіркелді. Тұрақсыздық  Қазақстанға да салқынын тигізді.  Азық-түліктің бағасы мың құбылып тұр. Бұған көрші елдерден сұраныстың артуы да себеп болып отыр дейді  мамандар. Толығырақ тілшіміз Айсәуле Съезбек айтады.

Тек наурыз айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 12,6 процентке артқан. Өсімдік майының бағасы 56,1%-ке, дәнді дақылдар 37,3%-ке, сүт өнімдері 23,6%-ке қымбаттаған. Ал қанттың құны  22,6%-ке көтеріліпті. Бұл  - әлемдегі геосаяси ахуалдың салдары, - дейді  сауда комитеті төрағасының орынбасары Айдар Әбілдабеков.   Мәселенің тағы бір себебі – былтырғы қуаңшылық.

Айдар ӘБІЛДАБЕКОВ, ҚР СИМ САУДА КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрғақшылық салдарынан сиыр еті, тауық еті, сүт өнімдері мен жұмыртқаның бағасы қымбаттады.  2021 жылы жанар-жағар майға акциздердің артуы да - басты себебі. Әрі коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі, логистика, шикізат, тыңайтқыштар мен ветеринариялық препараттар бағасының өсуі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің құнын көтерді.   

Заң бойынша, әлеуметтік маңызы бар  азық-түліктің бағасын 15 проценттен артық өсіруге болмайды.  Бірақ соңғы аптадағы тексеріс нәтижесінде 231 заң бұзушылық анықталған. Тіпті 40 процентке дейін бағаны шарықтатқандар бар. Баға аспандап тұрса да, бастысы ешқандай тауарға  тапшылық жоқ, -дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі. Қорда әлеуметтік маңызды тауарлардың 635 мың тоннасы бар.

Назгүл ХАТЕПОВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Оның ішінде тұрақтандыру қорларында 130 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауар бар. Ішкі нарықта қандай да болмасын тауарға бағаның күрт өсуі немесе жекелеген облыстарда сол тауарлар көлемінің азаю факторлары болған кезде тұрақтандыру қорларынан тауарлық интервенция жүзеге асыру арқылы осы аталған көлемдер ішкі нарыққа таратылатын болады.


Салалық министрлік нарықтық экономикада бағаға шек қою мүмкін еместігін алға тартады. Дегенмен тұрақтандыру қорларын қаржыландыру арқылы бағаға әсер етуге тырысып отыр. Республика бойынша бұл мақсатқа 76 млрд теңге бөлінген. Оған  қосымша  тағы 16 млрд теңге жұмсалмақ.

А. Съезбек