Русский Сайттың толық нұсқасы

"Заңды тұлғалардың банкроттығына уақытша мораторий енгізуді ұсынамын",-депутат

  • AstanaTV
  • 13 сәуір 2022
  • 1034

Отандық кәсіпорындар шығынға ұшырамауы үшін мемлекет   қолдау   көрсетуі керек. Бүгін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов "AMANAT" партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде Үкіметке бизнесті қорғау және қолдау бойынша дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, Ресейге салынған санкциялар біздің экономикаға қатты әсер етіп жатыр. Себебі Ресей –  негізгі сауда серіктесіміз. Сондықтан олардың экономикалық проблемалары Қазақстанға сөзсіз салқынын тигізеді дейді. Кәсіпкерлердің көбінде кредит бар. Осыны негізге алған депутат заңды тұлғалардың банкроттығына уақытша мораторий енгізуді сұрады. Республикалық қоғамдық кеңестегі талқылауларды ескере отырып, өз ұсыныстарын айтты.

Аманжан ЖАМАЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Даму институттары есебінен кредиттерді кейінге қалдыру және есептен шығару, жабдықтар мен жұмыскерлер штаты сақталған жағдайда кейіннен есептен шығара отырып, 0%-бен жалақы кредиттерін беру; әртүрлі мемлекеттік қорларға тауарларды сатып алуға арналған келісімшарттар беру; жалға алу және коммуналдық төлемдерді субсидиялау.

Сондай-ақ, депутат  Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы кедендік бажды қайта қарауды ұсынды.Оның айтуынша, үшінші елдерден келетін барлық импорттық баждар «ортақ пайдалануға» кеп түседі. Содан кейін елдер арасында бөлінеді. Осы тұста санкцияға ұшыраған Ресейдің еуразиялық экономикалық одақта импорттық үлесі азаяды. Сондықтан баждарды бөлудегі үлес те төмендеуі керек деді. Қазақстанның қазіргі негізгі міндеті – экономиканы сақтап қалу және дамыту екенін айтты.

Б. Сатуов