Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде былтыр жөнделген жолдардың алтауы сапасыз

  • AstanaTV
  • 14 сәуір 2022
  • 1305

Ақтөбеде былтыр жөнделген жолдардың алтауы сапасыз жасалған болып шықты. Бұл жол активтерінің ұлттық сапа орталығы келтірген дерек. Әкімдіктің ақпараты бойынша, өткен жылы қала ішіндегі 50 жолды жөндеуге шамамен 3 миллиард теңге бөлінген. Биыл бұл сома үш есе көбейіп отыр. Ал оның сапасы қандай болмақ? Аймақтағы тілшіміздің бейнематериалы.

Қаладағы ең нашар жол – Тургенев көшесінде. 4 жыл бұрын 194 миллион теңгеге жөнделген. Сапасыз болып, жыл сайын асфальты жамалады. Биыл да бұл жол нашар. Шұңқырларды тастармен бітеп қойған. Көлікті бұзып алмайын деп, жүргізушілер жылдамдықты барынша төмендетіп өтіп жүр.
 
Жұмағали ТАБАҚБАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тургеневті былтыр ма, алдыңғы жылы істеді. Жолдың бәрі бітті, жүргізбейді. Көшенің бәрі сондай ғой, нашар. Ақша төленіп жатыр. Оны қайда жіберіп жатқанын құдай білсін.

Былтыр жөнделген көшелерде былық көп. Мәселен, Кобозоев көшесінде жол салушылар асфальтты қоңыр күзде төсеген. Қазір жолдың беті қабыршақтанып, үгітілуде. Мұндай көріністі қаланың көп көшесінен көруге болады.  

БЛИЦ – АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ:

- Қаланың жолдары нашар. Мына үлкен автобустың асты тиіп жатыр. Әсіресе, Юго-запад жағы шаң, балшық.

- Қала бойынша онша емес, көп жер шоқалақ.

- Вокзалдың бұрылыс жері шоқалақ, екінші полосамен келіп бұрыламыз. Жол нашар, сын көтермейді.


Жол сапасын тексерушілер күзде төселген асфальттың бекер екенін ескерттік дейді. Сөйтсе де, жол салушылар жөндеуді жалғастырған. Сапаны бақылайтын орталық басшының айтуынша, олар былтыр төселген 58 жолды тексерген, алтауы талапқа сай емес.

Тельман МАЛАЕВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ» АҚТӨБЕ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Сейітов көшесінде асфальтты бетон жамылғысының қалыңдығы келмей қалды. Ол жерде 6 см болуы керек болса, 4-5 см деген ақаулық бар. Жамбыл көшесінде асфальтты бетон жамылғысының еңістігі сәйкес келмейді. Ол жол қабылданған жоқ. Неге десеңіз, еңістікті сақтамаған жағдайда жол жиегіне, асфальтты-бетон жамылғысы үстіне су көп жиналады.

Әкімдіктегілер жаңа жолдардың қазірден жарамсыз екенін мойындап отыр. Бірақ, жөндеу жұмыстары биыл жалғасатындықтан, мемлекеттік комиссия бұл жолдарды әлі қабылдамағанын айтты. Ал, Тургенев көшесін жөндеген компания жолды өз қаражатына қайта салады дейді жауапты мекеме өкілі. Басқа көшелерді жамамақшы.   

Науаи ӘМІРБЕКОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ, ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Шұңқырларды бітеуді бастай алмай отырмыз. Себебі, асфальт таппай жатырмыз. Асфальт шығаратын зауыт жұмысын бастаса, бірден іске кірісеміз. Әзірге осылай брусчаткамен бітеп қойдық. Әйтеуір, шұңқырды бітеп тұр ғой, көлік түсіп кетпейді.

Биыл Ақтөбенің жолдарын жөндеуге бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінген. Бұл ақшаға әкімдік 10 көшенің жолын күрделі жөндеуден, 5 көшенің жолын орташа жөндеуден өткізуді жоспарлапты.  Тағы 5 жол жаңадан салынбақшы.

Г. Сейтенова