Қызылжарда айыппұл тұрағындағы 10 көлік өртеніп кетті. Бірнеше күннен бері ауыздықталмай жатқан алапат өрт қала шетіндегі айыппұл тұрағына жетті. Көлігі отқа оранғандар қазір сол маңды айналшықтап жүр. Себебі, оларды билік өкілдері ішке кіргізбей отырған көрінеді. Көліктердің шығынын енді кім өтейді? Өңірдегі тілшіміз Абзал Құрманкиннің бейнематериалы.
Көлік иелері айыппұл тұрағындағы өртті естіп, дереу осында жеткендерін айтады. Бірақ, мұндағылар ішке кіргізбепті.
Наталья ГАПОЧЕНКО, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біз бұның бәрін әлеуметтік желіден білдік. Кеше кешке бізді айыппұл тұрағының маңайына да жолатпады. Ал сырттан қарағанда бұл аралықтың барлығы өртеніп жатты. Бізге көліктерді көрсетпей жатыр.
Екатерина ЛОБАНЧУК, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Әкімдіктен бізге көліктерді қайтаруды талап етіп отырмыз. Біріншіден, құзырлы органдар бұл көлікті бізден заңсыз түрде тәркіледі. Біз істі сотқа жолдадық. Қазір процестің басталуын күтіп жүрміз. Сондықтан сот басталғанша дейін олар көлікті айыппұл тұрағында бүлдірмей сақтау тиіс.
Өндірістік аумақта орналасқан айыппұл тұрағы қураған шөптің салдарынан өртенген. Қырдан шыққан жалын 15 гектарды шарпып, ізінше айыппұл тұрағына жайылған. Өрттің тез ұлғайғаны сонша, құтқарушылар отпен төрт сағат алысқан.
Дмитрий РАСТИХИН, СҚО ТЖД ӨРТТІ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қамыстың жан-жағы батпақ болған соң, көлік өртке жақындай алмады. Айыппұл тұрағындағы көліктер тығыз орналасқан. Сондықтан өртеніп жатқан аумаққа бірден өте алмадық. Жалпы, өртті сөндіруге 6 бірлік техника мен 35 құтқарушы жұмылдырылды.
Ресми деректерге сүйенсек, айыппұл тұрағындағы 6 көлік түгел өртеніп кеткен , тағы төрт темір тұлпар жартылай зақымданған. Айыппұл тұрағына жауапты қалалық әкімдік өкілдері қазір тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Сондықтан көлік иелеріне мұнда кіруге рұқсат жоқ, дейді.
Асқар ХАБИБУЛИН, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жүргізушілерден көліктерді тәркілеген әкімдік емес, құзырлы органдар. Сондықтан көлікті алып кетемін десе, соларға жолыққаны дұрыс. Әкімдіктің көліктерді таратуға құқысы жоқ.
Күлге айналған көліктердің шығынын кім өтейтіні әзірге белгісіз. Мәселенің мән-жайы тергеу аяқталған соң анықталады. Ал жәбірленушілер бұл істі сотқа дейін апарамыз деп бекініп отыр.
А. Құрманкин