Шығыс Қазақстан облысында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов зиялы қауым өкілдерімен, партия белсенділерімен және жастармен кездесулер өткізді. «Жаңа Қазақстанды» құру міндеттеріне сәйкес Жолдауды іске асыру және партияны жаңғырту мәселелерін талқылады.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайында Абай ауданының ақсақалдарымен жүздесті. Кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Абай облысының құрылуы, алдағы міндеттер мен атқарылар тірліктер сөз болды.
Асхат ОРАЛОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 16 наурыздағы тарихи Жолдауында үш жаңа облыс құрылатынын айтты. Абай облысының орталығы Семей қаласы болады. Бұл – тарихи әрі әділетті шешім, ең алдымен, өңірдің дамуына қуатты серпін беріп, оның тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев Президенттің шешімі Семей тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір бастамасына қолдау білдіретіндерін айтты.
Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, АҚЫН:
Біз Президенттің Жолдауын мұқият тыңдадық және оны толық қолдаймыз. Әсіресе, Абай облысын құру жөніндегі шешіміне айрықша қуандық. Бұл шешім – Мемлекет басшысының Абайға, Абай еліне жалпы Шығыс жұртына деген құрметінің белгісі. Осында отырған ақсақалдар жағымды жаңалықты естіген күннің ертеңінде Мемлекет басшысына алғысын айтып, телеграмма жолдады.
Семей қаласында да зиялы қауыммен кездесу ұйымдастарылды. Жиында тарихи мұраны сақтау, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру және өнерді дамыту мәселелері талқыланды.
Арап ЕСПЕНБЕТОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
Абай облысының ашылуы жай шешім емес, - батыл шешім, батыр шешім деп айтуға болады. Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы айтты,қуатты өңірлер, қуатты ел. Абай облысы қуатты өңір болатын болса, Қазақстанның қуаттылығына оның үлесін қосады деп ойлаймын.
Асхат Оралов Шығыс Қазақстан облысының партия активімен кездесіп, «AMANAT» партиясын жаңғыртудың басымдықтарын талқылады.
Қазір өңірде 300-ге жуық бастауыш партия ұйымына біріктірілген 52 мыңнан астам партия мүшесі бар. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың 290 депутатының 85,6%-ы – «AMANAT» партиясының өкілі. 104 ауылдық округте өткен сайлау қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясының атынан қатысқан кандидаттардың 82%-ы жеңіске жетті. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Негізінен адамдар әлеуметтік қолдау, жер телімдерін бөлу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өтініш білдірген. Сондай-ақ, белсенді жастармен кездесу кезінде өскелең ұрпақты жергілікті жерлерде толғандыратын негізгі мәселелер талқыланды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысындағы жас депутаттар корпусында «AMANAT» партиясына мүше 35 жасқа дейінгі 43 отандасымыз бар.
Ә. Дүкембаева