Түркістан облысындағы Қызылжар ауылының тұрғындары іргедегі көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Елдімекенге құбыр үш жыл бұрын тартылған. Алайда мұндағы жұрт әлі күнге тезек теріп, отын жарып, өз қамын өзі жасап келеді. Ең қиыны көмір аламыз деп сақтап отырған теңгесін өткен күзде кейбірі «күні ертең қосылады» дегенге сеніп мердігерлерге санап беріпті. Табиғи газды күтіп, көзіміз талды деген қызылжарлықтар биліктегілер тым болмаса биыл ертерек қамданса дейді.
Төрт жүздей түтіні бар Қызылжар ауылының тұрғындары жергілікті әкім қаралардың жыл сайынғы уәдесіне сенуден қалған. «Табиғи газға биылдан қалмай қосыласыңдар, көмір алмаңдар» дегенге сеніп, биылғы қысқа қамданбағандарын айтады.
Оралбай ТОЙЛЫБАЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бізге обещаниені өлтіріп береді, «жағамыз –жағамыз» деп. Алдыңғы әкім «декабрьде береміз» деген, алдыңғы жылы. Мынаусы «биыл декабрьде»- деді. Білмеймін сол жылын сұрап алу керек еді қайсы декабрь екенін. Таусылмайтын декабрь, бәрі қиналып кетті ғой, жас баласы барлар үйді қалай жылытады?
Құрбанкүл ДҮЙСЕМБИЕВА, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы үшінші жыл газ кіргіземіз деді. Жердің астымен кіргіземіз деп жөндеген жолдың быт-шытын шығарды, енді ешнәрсе жоқ. Не су жоқ, не газ жоқ. Ақшаны алып қойған, жекеменшік дейді. Айтсақ біздің күшіміз жетпейді,- дейді.
Ал ауыл әкімі бұл қызметке жақында кіріскенін айтады. Жеті айдан бері осы мәселені шешуге тырысып жатырмын дейді.
Әбдіжаппар РАХЫМБЕРДИЕВ, ҚЫЗЫЛЖАР АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:
"КазТрансГазАймақ" филиалы бізге әр үйге счет ашып беруі керек. Сол облыстан барып ашылады. 27 үйге газ кіргізсек, қалғанының барлығы түгел кіреді. Биыл жарты жыл ішінде барлық үйді газдандырып тастаймыз.
Салаға жауапты мамандар көгілдір отын жырының созылып кетуі газ беруге былтыр мораторий жарияланғанынан дейді. Биыл бұл шектеу алынды, енді құжаттандыру жұмыстары жүріп жатырған көрінеді.
Мамандардың айтуынша, Қызылжар ауылына көгілдір отын осы жазға дейін қосылады. От жағып, күл шығарудан ығыр болған халық бұл да кезекті уәде болмаса екен дейді.
А. Төребекқызы