Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» - тың ақпараттық алаңы ашылды

  • AstanaTV
  • 19 сәуір 2022
  • 1808

«AMANAT» -тықтар партияның ашықтығын айқындап,  халықпен кері байланыс орнатуға жаңа қадамдар жасауда. Бұл ретте партиялықтар «Ашық партия» тұжырымдамасын негізге алып отыр. Осы мақсатта бүгін партияның орталық аппараты жанынан жаңа баспасөз орталығы ашылды. Көпфункционалды ақпарат алаңының артықшылығы мен жаңалығы қандайболмақ? Әріптесім баяндайды.

Еліміздің медиа кеңістігіне орталықтан ақпарат таратып, брифингтер мен баспасөз конференцияларының өтуіне мұрындық болу, бастаманың негізгі мақсаты- осы. Медиа саласының өкілдерін де түрлі форматтағы кездесулер арқылы бір ортаға шоғырландыруды көздейді. Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеуді жетілдіріп, көпшілікке қажетті мәліметтерді қолжетімді етуге де басымдық берген.

Ринат КЕРТАЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Біз қажетті мультимедиа жабдықтарымен қамтамасыз етілген көпфункционалды баспасөз орталығын құрдық. Бұл алаң партиялықтардың қоғаммен ашықтығы және жариялылығын қамтамасыз етіп, БАҚ-пен жұмыс істеуде жаңа тәсілдерді енгізудің тиімді құралдарының бірі болатынына сенімдіміз. Бұл ретте барлық іс шаралар әлеуметтік желілерде онлайн көрсетілетінін атап өткім келеді.  

Қымбат ҚАЛИ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ БАСПАСӨЗ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл жерге біз заң шығару мәселелеріне қатысты депутаттарды шақырып, өңірлердегі мәслихат депутаттарын да ақпарат алаңына тартуды жоспарлап отырмыз. Орталықта дәстүрлі баспасөз конференцияларынан бөлек іскерлік әрі бейресми жағдайдағы түрлі кездесулер мен дөңгелек үстелдер өтеді.

Баспасөз орталығында көтерілетін негізгі тақырыптар айқын. Олар: "AMANAT" партиясы депутаттық фракциясының заң шығару бастамалары, қоғамдық кеңестер мен Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметі, партиялық жобаларды іске асыру және сайлауалды бағдарламаны орындау барысы. Одан бөлек қоғамның өткір әрі өзекті мәселелері талқыланып, ақпарат алушылар үшін ашық диалог алаңы болмақ.

Жалғас АЛТАЕВ, «QAZAQSTAN» ҰТА АҚПАРАТТЫҚ-САРАПТАМАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Халықпен кері байланыстың болуы өте маңызды. Өйткені халықтың мұң-мұқтажын осы орталық арқылы биліктегі тұлғаларға жеткізу, олардың мәселелерін тез арада шешу бұл "Аманаттың" да өзінің алдына қойған негізгі мақсаттарын, міндеттерін орындауға алып келеді.

Асқар ЖАЛДИНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. «ВРЕМЯ» ГАЗЕТІ ТІЛШІЛЕР ҚОСЫНЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
 
Тыңдайтын мемлекетпен бірге айтатын қоғам болуы керек. Онсыз болмайды. Сондықтан осылай айтылатын жерлер көп болса, қоғам белсенді қатысса, қоғамның тыныс-тіршілігі көбірек беріліп, айтылып, көрсетіліп тұрса жалпы қазақ еліне де жақсы болады.

Айта кетейік, ақпарат алаңы партияның халықпен кері байланысының, партиялықтардың ашықтығы мен жариялылығын арттыруға өзіндік үлес қоспақ. Бұл – партия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жолындағы қадамдардың бірі дейді "AMANAT" – тықтар.

Ә. Бердібеков