Танымал вайнерлер қаржы пирамидасын құрды деп айыпталуда. Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 10 тәулікке қамалды. Полиция блогерлердің ісін қылмыстық кодекстің енді екі бабы бойынша тергелетінін айтады. Алматыдан Әсем Лесбек толықтырады.
Осыдан екі ай бұрын жұртты алдады деген күдікпен вайнерлерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Мейіржан Төребаев бастаған жігіттер аталған ұйымның басшысы болуы мүмкін деп айыпталды. Жаппай тергеуге алынып, кейін кепілмен босатылды. Сот үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. Ал кеше соттың қаулысымен вайнерлер қамауға алынды.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Шығын мөлшері 5 млрдтан асып отыр. Бұл біріншіден, бірінші себеп. Екінші себеп, 217- ші баптан бөлек 268-бап қозғалды. Яғни «Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кіру және өз әрекетін жүзекге асыру» деректері бойынша. Ол аса ауыр қылмыс болып табылады. Он тәулікке қамауға алды соттың шешімімен.
Ал мекеме басшысы Руслан Бурканов осыдан 6 ай бұрын қамауға алынған. Оған 169 адамның 5 миллиард теңгесін алдап, жымқырған деген айып тағылды. Жалпы іс бойынша қазір кінәлі деп танылған 14 адамның 10-ы қамауда отыр.
Дана ЕСЕЕВА, М. ТӨРЕБАЕВТЫҢ ЖАРЫ:
Полиция Мейіржан екеумізге кеше кешке дүкеннен шығып келе жатқанымызда бас салды. Қамауға аламыз бізбен бірге жүріңіз деп айтты. Себебін сұрасақ, осы іс бойынша тергеуден қашып жүргеніңіз үшін дейді. Мейіржан ешқайда қашқан жоқ. Ешкім оған хабарласып, тергеуге кел демеді де.
Осыдан 9 күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласында өзін-өзі өртеп жіберген әйел де мудараба капиталға ақша салған. Қаржы пирамидасына алдандым деген Бағила Досмаилова тергеуге көңілім толмайды дейді.
Бағила ДОСМАИЛОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
Бізге Рүстем Әбдірахманов бастапқыда басқаша сөйледі. Полиция Департаментінің ғимаратына барғанымызда істі Ішкі Істер Министрлігіне жіберуге дайынбыз деді. Кейін маған «сен ешкім емессің, не істесең оны істе, істі бәрібір жабамыз» деді. Осыдан кейін мен өз-өзіме қол салдым.
Ал Рустем Әбдірахманов әйелдің пікірімен келіспейді. Керісінше істі жан-жақты тергеуге тырыстық дейді.
Рүстем ӘБДІРАХМАНОВ, АЛМАТЫ Қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жәбірленуші бір топ адамды мен 8/ші сәуір күні қабылдадым. Арасында Бағила Досмайлова да болды. Барлық сұрақтарға жауап беруге тырыстым. Досмаилова ханымның да сұрақтары жауапсыз қалмады.
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:
Бірер күнде қаржы мекемесіне қатысты қылмыстық іс сотқа жолданады. Тергеу аяқталып, 14 адам айыпты деп танылған. Оның екеуіне халықаралық іздеу жарияланды. Ендігі мәселе – салымшылар ақшасы қалай қайтарылады? Бірақ, ол жағы әзірге белгісіз.
Ә. Лесбек