Русский Сайттың толық нұсқасы

"Үлкендер мен балалар қас қарайғанда көшеге шыға алмайды",-тұрғын

  • AstanaTV
  • 21 сәуір 2022
  • 1537

Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Есет батыр ауылында да бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Соның бірі –   көшелерді жарықтандыру. Тұрғындар «үлкен кісілер мен балалардың қас қарайғанда сыртқа шығуы мұң» дейді. Олар бұл проблеманы «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауы кезінде құзырлыларға жеткізген болатын. Содан бері бірнеше ай өтті. Сең қозғалды ма? Елдімекенде не өзгеріс? Мөлдір Тоқтасынқызы айтады.

Есет батыр ауылында екі мыңнан аса тұрғын бар. Елдімекендегі ауызсу құбыры әбден ескірген, күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, жол, көшелерді жарықтандыру мәселесі де шешімін таппай тұр.  

Гүлсім ЖАХАНОВА, ЕСЕТ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көшеде жарық жоқ. Жас балалар мектептен қайтады. 13 көше бар ауылда. Сол көшенің үшеуінде жарық бар. Қалған 10 көшеге жарықтандыру жұмысы жүргізілсе деген ұсынысыммен кірген болатынмын.

Гүлсін Жаханова мәселені «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауы кезінде көтерген. Сонан кейін  қозғалыс болды дейді ауыл тұрғыны.  Екі көшеге аудандық бюджет есебінен шамдар орнатылмақ.  Ал қалғаны демеушілер есебінен реттеледі.  

Дәулеткерей ТӘЖІБАЕВ, АЛАМЕСЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

«Нағи» және «Қарабура» шаруақожалықтары 2 көшені 1225 метрді жарықтандыруды қолға алғалы отыр. Одан басқа «Өңірлік даму» бағдарламасы арқылы 2 көшеге 640 метр жарықтандырады. Қазіргі таңда баға сұранысы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.


Түйіткілдің түйіні тарқатыла бастағанына ел-жұрт дән риза.  Жалпы еліміз бойынша қоғамдық қабылдау бөлмелеріне өткен жылы 175 мың, биыл 2 айда 25 мыңға жуық шағым  түскен. Ал Қызылорда облысынан 800-ден астам тұрғын өтініш жолдапты.  Соның 60 пайызы оң шешімін тапқан.

М. Тоқтасынқызы