Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысының жайылымдық жер мәселесі қашан түбегейлі шешіледі?

  • AstanaTV
  • 22 сәуір 2022
  • 1560

Мал бар, бірақ жаятын жер жоқ. Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауылының тұрғындары халыққа шартты жер үлесін бөліп беруді сұрайды. Ал Төлеби ауданына қарасты  Қасқасу ауылының халқы ұлттық парк аумағына берілген  жерді өздеріне қайтарып беруді талап етіп отыр. Ауыл іргесіндегі телімдер де ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті дейді. Олар бұл мәселені Мәжіліс депутаты Қайнар Абасовқа жеткізді.     
 
Қазығұрт ауданындағы тоғыз мыңға жуық  тұрғыны бар Алтынтөбе елдімекенінің мәселесі бөлек. Мұндағы шаруалар өзге халыққа бұйырған мүмкіндіктен  кезінде құр қалған.   “Алтынтөбе” элиталы тұқым шаруашылығы” совхозы құрылғанда  жер мемлекет қажеттігіне алынған. Ауыл ақсақалдары енді  соны халыққа шартты түрде бөліп беруді сұрайды.    

Мұхтар ИСАБАЕВ, АЛТЫНТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жер кодексінде көзделген жер санаттары бұзылып кеткен, біріншіден. Өйткені жердің иесі болмағандықтан жайылымды біреу қоршап бау қылған, бауды жайылым қылған, терісінен болған бәрі. Таудың бәрін қазір қоршап тастаған, падамыз да шыға алмайды.  

 
Алтынтөбеліктердің айтуынша,  халықтың 90 пайызы үлестен қағылған. Құқығымыз тапталып келеді дегендер мәселені сот арқылы шешуді жөн көріпті. Алайда сонда да сең қозғалар емес  дейді. Ал жергілікті билік өкілдері «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» -на тиесілі  участоктер   жыл соңына дейін ауданның арнайы жер қорына қайтарылатынын жеткізді.   

Жаңабазар ауылдық округінде де жер мәселесі өзекті. Ауыл іргесіндегі телімдер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткендіктен төрт түлігімізді асфальт бойына арқандап отырмыз,- дейді жұртшылық.  

Айгүл ТЕМІРБЕКОВА, БЕРЕКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Біз биемізді қайда жаямыз, тастаққа жайып сүт аламыз ба? Соны шешіп беріңіздер. Жайылым барады, бидайға түсіп кетеді. Басында жүреміз, кәдімгі қой сияқты бағамыз кезегімізбен. Сонда біз қалай күн көруіміз керек.  Бие жайылмаса қайдан сүт береді, сиыр жайылмаса қай жақтан сүт береді, қайдан құрт-май болады, сонда бұл халық қалай күн көреді?
 
Дәл осы сауалмен Төлебиліктер де  бас қатырып жүр. 5,5 мың тұрғыны бар Қасқасу ауылында мал жаятын жер тапшы. Төңіректегі 1,5 мың  гектар шұрайлы аумақ «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің теңгеріміне беріліп кеткен көрінеді.    

Қасқасулықтар ұлттық парк құрамындағы жерді   ортақ пайдалануға қайтару үшін  депутаттан көмек  сұрады.

Қайнар АБАСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

 
Бірден бір шешу жолы бүгін ұлттық қорға өтіп кеткен 1,5 мың га жерді егер кейін қайтарылатын болса, бұл елдімекеннің жайылым мәселесі шешіледі деген уәж айтты. Оны енді тиісті құзыретті органдардың алдында көтеріп, шешу мәселесіне атсалысамыз.

Шаруалар сондай-ақ, жайылым тапшылығын шешу үшін солтүстік өңірлерге қарай мыңғырған жылқыны үйір үйірімен айдау мүмкіндігі қарастырылса деген ұсыныстарын да айтты. Қайнар Абасов ата-баба жолымен жаз жайлауға шығару жағын ауыл шаруашылық министріне және тиісті құзыретті органдарға жеткізуге  уәде берді. Депутаты ауылға жазда тағы келеді.  Соған дейін халық көтерген мәселелерді   шешуге тырысатынын білдірді. Ал ұлттық парк аумағына беріліп кеткен атшаптырым аумақты қайтару үшін біраз уақыт керек деді.   
   
А. Төребекқызы