Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбенің Жаңақоныс-4 ауылы тұрғындары газ бен суға зәру

  • AstanaTV
  • 26 сәуір 2022
  • 3061

Ақтөбенің іргесіндегі Жаңақоныс-4 елді мекенінің жұрты дайын тұрған үйлеріне көше алмай отыр. Себебі, ауылда газ бен су жоқ.  Инфрақұрылым мәселесі шешілмеген жерге неге баспана салынды?  Тұрғындардың шағымын кім тыңдайды? Бұл сұрақтарға  тілшіміз Гулвира Сейтенова жауап іздеді.  

Жаңақоныс-4 тұрғындары жаңа үйлеріне тезірек көшкісі келеді. Бірақ, ауылда инфрақұрылым мәселесі шешілмеген. Жер телімдері берілгеніне төрт жылға жуықтаса да, әлі күнге дейін газ бен ауыз су құбыры жүргізілмеген.  

Асылхан ЕСТІЛЕУОВ, «ЖАҢАҚОНЫС-4» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына су деген Жаңақонысқа былтыр әкімдік қазып берген скважина. 2 айдан кейін тазарады, ішуге келеді деп айтқан. Уәде берген. Бірақ, бір жылдан асты, бұл судың тазаратын мүмкіндігі жоқ. Сап-сары, ішуге келмейді. Ауыз суды қаладан тасып отырмыз.

Тұрғындардың айтуынша, елдімекенге жүздеген үй салынған. Бірақ, қазір соның жиырма шақтысында ғана адам тұрып жатыр. Қыстап шыққандар үйді жылыта алмай, қиналдық дейді. Халық су мен газ мәселесін тез шешіп беруді талап етіп, кезекті рет қалалық әкімдікке барды.

Жәния ЕРНИЯЗОВА, «ЖАҢАҚОНЫС-4» АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен қыстадым биыл. От жақтым. Көмір жақтым. Тіршілік тіршілік емес. Обещать етті, болады деді. Бірақ, әлі жоқ.

Әкімдіктің бұған жауабы дайын. Мердігер қардың ерігенін күткен көрінеді. Мамырда газ құбырын жүргізу жұмыстары басталады дейді. Бюджеттен 290 миллион теңге қаралған.

Байтұрсын ӨКСІКБАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

Жаңақоныс-3-ке қазір магистралі салынды. Соған задвижка салынып кетеді. Үштің магистраліне салып кетеміз, сразу қосылуға. Халыққа декабрьге дейін бұйырса газ береміз.

Ал, су проблемасы әзір шешілмейді. Себебі, әкімдік өкілінің айтуынша, Жаңақоныс-4-те жер асты суы жоқ. Энергетика басқармасы жақын маңнан су қорын тауып берсе, жоба жасауға дайынбыз, дейді.

Г. Сейтенова