Русский Сайттың толық нұсқасы

Он күннен бері есін жимаған келіншектің туыстары дәрігерлерді кінәлайды

  • AstanaTV
  • 28 сәуір 2022
  • 1661

Орал қаласының 29 жастағы тұрғыны Таңшолпан Мұқанова он күннен бері комада жатыр. Туыстары бұған дәрігерлерді кінәлайды. Олардың айтуынша, құрсағында жеті айлық сәбиі бар келіншекке дәрігерлер мүлдем көңіл бөлмей, қараусыз қалдырған. Осының кесірінен Таңшолпанның халі нашарлап, жансақтау бөліміне түскен. Ашынған ананың жанайқайы туралы тілшіміз жалғастырады.

Туыстарының айтуынша, Таңшолпан Мұқанова перзентханаға 13-сәуірде түскен. Бес күн бойы қан қысымы ұдайы көтерілген келіншек кейін мүлдем қараусыз қалыпты. Әйелдің нашарлағанын түнде ғана байқаған дәрігерлер таңға дейін система құйып, жағдайы түзелмегесін, сәбиді кесерь тілігімен алған. Осы отадан кейін науқас комаға түскенін естідік, дейді туыстары.
 
Жаңыл ИМАНҚҰЛОВА, ЕНЕСІ:

Келінім аузынан көбігі ағып, кереуетте жатып, екі қолын аспанға көтеріп жатады. Сол уақытқа дейін не акушер қарамайды не медсестра қарамайды. Сол күнгі кезекшілікте болған гинеколог-дәрігер, акушер, медсестра мен түнде кешкілікте приемда айттым ғой, басым қатты ауырып тұр деп, 11-ге дейін неге қадағалауға алмаған? Неге аузынан көбігі аққанша комнатта ұстаған? Сол жеріне жауап берсін! Және келінімді аяғына тұрғызып берсін!
 
Таңшолпанның анасы да акушер. Ол құрсағында 7 айлық сәбиі бар қызының  ауыр халге түсуіне әріптестерінің біліксіздігі мен салғырттығы себеп болғанын айтады. Мұндайда уақыт оздырмай, басшылық пен жақын туыстарына бірден хабарласып, шұғыл түрде санавиациямен бас қалаға жіберу керек еді, дейді.

Бибігүл МҰҚАНОВА, АНАСЫ:

Нейрохирург айтады: әйел бізге келгенде вообще в тяжелом состоянии болды. Мозговое кровообращение ол уже баяғыда кетіп қалған дейді. Қан көп мөлшерде құйылған. Бүкіл уақ тамырына дейін жарылған дейді. Вообще әйелді жас болғасын, операция жасадым дейді. Бір шанс беріп, мыңнан бір мезет болып қалар, жас қой деп жасадым дейді. Оған дейін неге консилиум жоқ? Неге үйлерінде ұйықтайды врачтар? Басшылары қайда? Неге келмейді?


Бүгін Таңшолпанның комада жатқанына он күн болды. Төрт жасар тұңғышы Назгүл қазір анасын күтіп аурухана есігін күзетіп жүр. Ал дәрігерлер не боларын тап басып айта алар емес.

Асхат БАЛЫҚОВ, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Науқас бізге «преэклампсия» диагнозымен түсті. Жағдайы нашарлағасын, консилиум шақырылып, шұғыл түрде кесарь тілігі жасалды. Кейін облыстық аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырылды. Күн сайын республикалық деңгейдегі мамандармен консилиум өткізіп, кеңесіп отырамыз. Перинаталды орталық қызметкерлерінің әрекетін бағалап, тексеру үшін комиссия құрылды. Науқастың мұндай халге түсуіне не болғанын осы комиссия анықтайды.
 
Ал сәбидің жағдайы қалыпты. Ата-әжесі оған «Айша» деп ат қойыпты. Қазір ол да перзентханада дәрігерлердің бақылауында. Туыстары ақ халаттыларға Таңшолпанды аяғынан тұрғызып берсін деп талап етуде.    
 
Е. Карин