Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда егіз босанған келіншек қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 03 мамыр 2022
  • 1245

Оралда тағы да ана өлімі. Бұл жолы 35 жастағы келіншек дүниеге егіз сәбиін әкелген соң, көз жұмды. Қазір осы оқиғаға байланысты қызметтік тексеру басталған. Дәрігерлер марқұмның денсаулығында кінәрат болғанын айтады. Бұған дейін үш баланы өмірге әкелген келіншектің бүйрегі дертті болған, бұл аздай анемиямен ауыратыны анықталыпты. Марқұм үшінші баласын босанғаннан кейін бес ай өткенде тағы да жүкті болып қалған. Бұл да оның денсаулығына кесірін тигізді, өйткені әйелдің ағзасы қайта қалпына келіп үлгірмейді, дейді мамандар.

Наталья КОЧЕГАРОВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:

Босанар кезде марқұмның ауруы көп болғаны анықталды. Қан қысымы жоғары, гемоглобині төмен. Босанған соң, қан көп кетті. Науқасты құтқарып қалу үшін басқа ауруханалардан анестезиологтар мен гинекологтарды шақыртып, қолдан келгеннің бәрін жасадық. Тіпті қан құйылса да, жағдайы нашарлап, ақыры көз жұмды.


Өмірге келмей жатып, анасыз қалған егіздерді перзентханадан туыстары алып кеткен. Олардың жағдайы қалыпты көрінеді. Айта кетелік, Оралда өткен аптада да жас ананың өлімі тіркелген болатын. Босанған соң, бірден комаға кеткен Таңшолпан Мұқанова ес жимастан қайтыс болған еді. Туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, соңғы екі жылда 13 жүкті келіншек дүние салыпты. Ал 2019-жылдан бері бір жасқа толмаған 331 сәби шетінеп кеткен.

Е. Карин