Баянауыл тұрғындары Жасыбай көлінің жағасына қонақ үй салуға қарсы. Айтуларынша, демалыс аймағында 3 жарым мың ғана туристі қабылдауға мүмкіндік бар. Ал 5 жұлдызды қонақ үй салынса, көл ластанып, табиғатқа орасан зор зиян келуі мүмкін дейді. Бұдан бөлек демалыс аймағында орталық кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан, көпшілік ұлттық табиғи парк аймағын ластамауды талап етіп отыр.
Жасыбай демалыс аймағында 54 қонақ үй бар. Барлығы екі қабаттан тұрады. Белгіленген норма бойынша мұнда онан биік ғимарат салуға болмайды. Бірақ, оған қарамастан көлдің дәл жағасына 5 қабатты қонақ үй кешені салынбақшы дейді жергілікті белсенділер.
Асхат ЕЛЕМЕСОВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНДЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ:
Үлкен 5 жұлдызды қонақ үй. Бұған түбегейлі халық қарсы. Неге десек, бұрында осы халықпен келіспей жасалған жобалардың аяғы халық пайдасын көріп отырған жоқ. Бірнеше жоба тоқтап тұр. Бюджеттің қаржысына салған міне. Көше жолдары, айта берсек көп. Сондықтан да шығар осы ауданда әкім де тұрақтамайды.
Жергілікті тұрғындар қонақ үй кешенін салуға мүлдем қарсы. Себебі, Жасыбайда орталық кәріз жүйесі жүргізілмеген. Қонақ үйден шыққан лас су көлге құйылуы мүмкін – дейді олар.
Айбат ЫДЫРЫСОВ, ЖЕРГІЛІКТІ ҚАУЫМДАСТЫҚ МҮШЕСІ:
Мына жерге құрылыс жүргізілетін болса бұл жерде адам демалатын жер қалмайды. Өзегі тарылады ғой бұл жердің де. Біз экологиялық зардаптарға тап боламыз.
Көл жағасына қонақ үйдің салынуын Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің басшылығы да құптамайды. Жердің иесі ретінде олар 5 қабатты құрылыс жүргізуге рұқсат бермегендерін айтады.
Фархат СЫЗДЫҚОВ, БАЯНАУЫЛ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жасыбай Отел Резорт ЖШС-нен ұсыныс, инвест жоба түсті. Үйлестіру кеңесі бұны қарастырып бұл жобаға қарсылығын білдірді. Құрылыс жүретін болса 2 қабат, одан артық салынбау керек.
Орал САРТАЕВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:
13 адам қоғамдық кеңестегі бір ауыздан осы Жасыбай аумағында бүгінгі таңда мораторий жариялауды қолдап отыр. Осыған қосымша жергілікті қауымдастық деген бар, аудандық мәслихаттың депутаттары да осы пікірді қолдап отыр.
Баянауылда демалуға арналған 4 көл бар. Алайда, оның ешқайсысының айналасында кәріз жүйесі жоқ. Сондықтан, тұрғындар көлді сақтап қалу үшін бұл жерге қонақ үй салмауды сұрайды.
Ө. Қуанар