Русский Сайттың толық нұсқасы

«AMANAT» партиясы жобалау ұйымдарын лицензиясынан айыруды ұсынды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2022
  • 1120

Халықаралық әуежайлар, Халыққа қызмет көрсету орталықтары және театрлар көп жағдайда баз-баяғыдай мүмкіндігі шектеулі  жандар үшін қолжетімсіз. Бұл туралы «AMANAT»-тың партиялық бақылау комитетінің мүшелері айтты.Партиялықтар жобалау ұйымдары қолжетімділік нормаларын қамтамасыз етпегендері үшін лицензиядан  айыруды ұсынды. Депутаттардың сөзінше, жобалық-сметалық құжаттарды жасағанда қолжетімділік бойынша қажетті талаптар есепке алынбайды.

Еліміздегі көптеген ірі әлеуметтік нысандар әлі күнге дейін мүгедек жандарға қолжетімсіз. Депутаттар осылай деп дабыл қағып отыр. Мәселен, Оралдағы Мәншүк Мәметова атындағы  Халықаралық әуежайды қайта жөндеуге 6,5 миллард теңге кеткен. Алайда, ғимаратта мүгедектер арбасына таңылғандарды шақыру түймелері жұмыс істемейді, күту залы тым тар, ал көлік тұрақтары кіре берістен 50 метрден астам жерде орналасқан.

Жанат ОМАРБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ҚАЗАҚСТАН МҮГЕДЕКТЕР КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Жалға берілген бұл нысандарды тексеру нәтижесі олардың да қолжетімсіз болып қалғандығын көрсетеді.Тіпті, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасында да, жобаларда да ештеңе ескерілмейді, бұл үшін сомалар да белгіленбеген. Әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының мамандары бұл саланың маманы, құрылысшы да болмаса да, бұл нысандарды қабылдап алады.

Партиялық бақылау комитетінің ақпаратынша, жыл сайын елімізде 4400 нысанға мониторинг жасалады. Қазір соның 3000-нан астамы тексерілген. Мәжілісмендердің сөзінше,көптеген өңірлерде бейімдеу нысандарын анықтау кезінде аурухана, университет, тіпті санаторий сияқты әлеуметтік маңызы бар мекемелер ескерілмейді.

Артур ПЛАТОНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Интеллектуалды дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта қолжетімділік стандарттары заңға сәйкес жасалмаған. Кешіріңіздер, тіпті сол жерде олқылықтар кеткен. Мемлекеттік қуыршақ театрында да мәселе жетерлік.Полиция бөлімінде де тіпті жағдай жасалмаған. Шындықты айтқанда, адамдарды қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен айырған. Бұл туралы ылғи айтылады, бірақ түк нәтиже  жоқ.

Ал, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға дейін ғимараттардағы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін өңірлердің бюджетіне 7 миллиард теңге құйылған. Алматыда мұндай мақсаттарға қаражат мүлдем қарастырылмапты. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және СҚО-да бұл іске ақша мүлдем жеткіліксіз.

Ербол НҰРГАЛИЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Әкімдіктер 2022 жылға бейімделуі тиіс нысандардың тізбесін бекітті.Шынын айтқанда, асығыс жасады. «Кедергiсiз келешек» жобасы аясында әлеуметтiк маңызы бар нысандардың тiзiмiн беріңдер деп олардан талап ете бастадық. Олар бізге барлық карталарды жіберді, бірақ ол жерге барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының қосылмағанын көрдік.

Партиялықтардың пікірінше, құрылысы жүріп жатқан нысандардың мониторгіне міндетті түрде мүгедектер қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысуы тиіс. Бұдан өзге, қолжетімді орта стандарттарын сақтамағаны үшін жобалаушылардың жауапкершілік шараларын заңнамалық деңгейде қарастыру қажет. Мысалы, стандарттарды сақтамағандарға айыппұл салынып, лицензиясынан айыру қажет дейді жиналғандар.

Л. Қуанышқызы