Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмола облысында А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай арнайы конференция өтті

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2022
  • 2148

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл-150 жыл.  Ахмет Байтұрсынұлы  қазақ ұлтының жанашыры ғана емес, түркітілдес елдердің   ұстазы болды.  Көкшенің төрінде өткен  кездесуде   әдебиет зерттеушілері, түркітанушылар, публицистер мен қоғам қайраткерлері ағартушы  еңбектерінің маңыздылығын талқылады.

«Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы – әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияға    қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ғана емес, түркі тілдес елдердің ұлы екенін атап өтті. Ол түркітілдес халықтардың бірлігін берік жақтаушы, лингвистикалық ғылымның негізін салушы, қазақ әліпбиінің авторы дейді.

Сәуле ИМАНБЕРДИЕВА, С.СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ҚазАТУ ПРОФЕССОРЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шараның маңызы зор екенін, халықаралық деңгейде екенін айта кеткім келеді. Өзбек халқынан келетін біртуар Маханбет Жүсіпов деген профессор баяндама жасамақ. Және түркіден келетін ғалымда осы Ахмет Байтұрсынұлының тек қазақ халқына тән ғалым емес,оның түркі әлеміне кеңінен танымал зор тұлға екенін көрсетеді.

Зиялы қауым өкілдері мен   ғалымдар  ұлт ұстазының еңбектерінің ерекшелігі мен маңыздылығы  туралы айтты. Профессор Бәрия Жахинаның  пайымынша, Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі ұлт руханияты үшін  өлмейтін мұра болып қалды.

Бәрия ЖАХИНА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ПЕДАГОГИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:


Бұл бір ғажап күн болды, атап өтпеуге болмайтын күн болды. Себебі Ахмет Байтұрсынұлы қазақ ұлтын сауаттандыру мақсатында қазақ ғылымының іргетасын қалау мақсатында өлмейтін мұралар қалдырды. Өмірінің соңына дейін, аз ғана ғұмыр кешті. Өлмейтін мәңгілік мұралар қалдырды.

Ақмола облысында 22 көше, 1 мектеп Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталады. Биыл Көкшетау қаласындағы жоғарғы техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының орта мектептеріне және аудан орталықтарындағы, ауылдардағы көшелерге ұлт ұстазының есімі берілмек.  

Ә. Дүкембаева