Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда 9 жастағы баланы жалмаған арық қараусыз болып шықты

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2022
  • 1391

Қарағандыда 9 жастағы бала түсіп кетіп, қаза тапқан  арық қараусыз болып шықты. Шенеуніктер қала ішіндегі арықтың жергілікті әкімдіктің қарамағына жатпайтынын баланың әкесіне ресми мәлімдеген. Қаралы отбасы әкімдік осылайша жауапкершіліктен жалтарғанын айтып, бас прокуратурадан арнайы тексеру жүргізуді сұрайды. Отбасының жалғызы Данил Мишаткин 1 ай бұрын қағаз қайығын жүздірем деп арыққа түсіп кетіп, мерт болған еді. Ата- анасы канал суы қоқыстан тазартылмағандықтан, арнасынан тасып баланың өміріне қауіп төндіргенін айтады. Қоқыстың кесірінен құтқарушылар лай судан баланы әрең тапты дейді. Баланың әкесінің айтуынша арық әлі де тазартылмаған. Ал каналдың әкімдіктің қарамағына жатпауы қылмыстық істің тоқтауына әкеліп соғуы мүмкін,- дейді жапа шегуші.

Николай МИШАТКИН, ҚАЗА ТАПҚАН БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ:

Әкімдіктен «бұл арыққа қызмет көрсетпейміз» деген жауап келді. Сонда мектептен небәрі 150 метр, балабақша мен аурухананың іргесіндегі каналға кім жауапты? Тергеушіге де олар солай жауап берген. Баламның өлімінен кейін аяқ астынан арық ешкімге, ешқайда қарамайтын болып шықты. Сонда әр көктем сайын бұл арық тола берсін бе? Баламның өліміне себеп болғандары үшін жауап берсін.


Қайғылы оқиғадан кейін осы ауданның тұрғындары мен мектеп ұжымы арықты қоршауды, немесе қандай да бір ескерту белгілерін қоюды сұрағанмен еш шара қолданылмаған. Ал жергілікті әкімдік  жауап беруден бас тартты. Заңгерлер  болса қар суы жиналатын арыққа әкімдік тікелей жауапты екенін айтады.

Ирина ФУРЦЕВА, ЗАҢГЕР:

Қар суы жиналатын барлық арықтар қалада орналасқан. Сондықтан бұл- абаттандыруға жататын жерлер. Онымен әкімдіктің құзыретіндегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы айналысады. Қалалық төтенше жағдай бөлімі де ол арық тазартылды ма, жоқ па ол туралы біліп, хабарлап отыруы тиіс. Ол тазалық жұмыстарының ақысын кім төледі сол мекеме каналға жауапты деген сөз. Осының бәрін анықтау қажет.

А. Қуаш