Русский Сайттың толық нұсқасы

Аралдық жаужүрек жауынгер Әлмағамбет Маханов 18 жасында соғысқа аттанған

  • AstanaTV
  • 06 мамыр 2022
  • 1254

Қызылорда облысы Арал ауданынан соғысқа 18 жасында аттанған Әлмағамбет Махановтың ұрпағы бүгінде майдангер аталарының есімін ұлықтап жүр. Артында қалған 9 баласынан тараған ұрпағы, Отан үшін от кешкендердің аты өшпесе екен дейді. Қызы Баян Маханова әкесі жайлы естеліктермен бөлісті. Әке еңбегі еленіп атына көше берілсе дейді.

Жастығын соғысқа арнағандардың бірі Әлмағамбет Маханов. Ол сұрапыл соғыста қару асынып, қан майданның ортасында жүрген. Соғыстан кейінгі бар өмірінде отбасына арнағанын бүгінгі ұрпағы мақтанышпен айтады. Майдангер 85 жасында өмірден озған. Батыр есімін,  әке өсиетін, ата тағылымын ұрпақтары ұмытпаған. Бұл дәстүр Маханов әулетінде бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Әлмағамбет атаның алтыншы перзенті Баян Маханова әкесінің атына көше берілсе екен деп армандайды.   

Баян МАХАНОВА, МАЙДАНГЕРДІҢ ҚЫЗЫ:


2 рет Даңқ орденімен марапатталған. Және генерал Жуковтың 1 степени отечественный войны деген орденімен марапатталды. Әрбір қаланы мысалы Сталинградты азаттаған соғысқа қатысып, Чехославакияны, Польшаны, Варшаваны азамат қылған, әр елді азат қылғанына байланысты медальдар мына жерде ілініп тұр. Осындай әкеміздің еңбегі бағаланса екен дейміз. Әкеміздің атынан мына үлкен қалалардан  көше берілсе екен деген әдемі ойлар бар.

Қызының айтуынша, әкесі ефрейтор болған. 5-ші гвардиялық механикаландырылған Зимовников корпусының 285-ші минометті, Қызыл Тулы полкінің 2-ші дивизионының басқару взводының барлаушысы болыпты. Бірақ сұрапыл жылдардың салдары да оңай болмағанын айтты.  

Баян МАХАНОВА, МАЙДАНГЕРДІҢ ҚЫЗЫ:


Әкем соғыстан бір құлағынан айырылып келеді. Сол соғыстың зардабынан 1971 жылы әкемнің 41 пытыра белінен алынып, содан кейін өмірінің соңғы жылдарын 15 жыл бойы жаңағы коляскада отырғызып өмір сүрді.


Майдангер соғыстан келген соң да Қызылорда облысында тынбай еңбек еткен. Аймақта танылған теміржолшы болып қызмет еткен. Облыстың құрметті азамат атағы берілген. Қазір майдангердің артында қалған 9 баласынан 18 немере мен 25 шөбере ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келеді.  

Ә. Дүкембаева