Русский Сайттың толық нұсқасы

Референдум: мәжіліс депутаттары өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын бастады

  • AstanaTV
  • 12 мамыр 2022
  • 1818

Референдум деген не?  Оның маңызы қандай? Мәжіліс депутаттары өңірлердегі еңбек ұжымдарымен кездесіп,  түсіндіру жұмыстарын бастады. Шара саяси науқан басталғанша жалғасады. Халық қалаулылары бүгін Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар облысының тұрғындарын тыңдады.  Жиын барысында азаматтар  жалпыұлттық референдумнан қандай өзгеріс күтетіндерін айтты.

Алғашқы кездесу елордада болды. Депутаттар "Астана тазалық" қызметкерлеріне   Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы толығырақ айтып берді. Сонымен бірге, түзету енгізілетін заңдарға да рет-ретімен тоқталды. Тұрғындар  қойған сұрақтар да жауапсыз қалмады.

Саясат НҰРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бүкіл мына саяси жүйемізде, экономикалық жүйемізде, әлеуметтік өмірде жиналып қалған проблемаларды Ата заңымызды өзгертумен біз тепе-теңдік сақтауға, қайтаруға бағытталған үлкен реформаның алдында тұрмыз.  Ашық талқылау өздеріңіз көріп отырсыздар. Кішігірім осындай ұжымдармен кездесіп, әр топқа түсініктеме беріп, бұл референдумның маңыздылығы, өзгерістері туралы әңгіме қозғадық.

Мәжіліс депутаттарының бір тобы Павлодардағы еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар облыстық кардиоорталықта болып, жалпы халықтық референдумға қатысты ой пікірлерін ортаға салды. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді  халықтың таңдауына  салу ұтқыр шешім – дейді, медицина қызметкерлері.
 
Думан ІЗҒҰТТИНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ КАРДИООРТАЛЫҚТЫҢ ДӘРІГЕРІ:

ҚР болашағына араласу, келешекке деген жол таңдауға халықтың қатысуы және халықтың орны үлкен болады деп ойлаймын. Өйткені, Ата заңға өзгерту енгізу деген өте үлкен жағдай. Ол әрбір мемлекетте бола қоймайды. Халықтың араласуымен болған іс өте оңды іс болады деп ойлаймын.

 
Халық қалаулылары шаһардағы трамвай басқармасының ұжымымен де кездесті.   

Әділет ДУЛАТ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ТРАМВАЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
 
Бізге референдум қажет. Өйткені, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты орнату. Және суперпрезиденттік басқарудан түбегейлі бас тарту. Президенттік моделіне ауысу деп есептеймін.
 
Вера КИМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Референдум әр қазақстандыққа жеке таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Мемлекеттің басты құқықтық құжатын тұрғындардың өздері қабылдайды. Маңыздылығы сонда жатыр. Дауыс беру арқылы халық өз болашағын өзі шешпек.


Бұдан бөлек, мәжілісмендер науқан кезінде дауыс беру тәртібін түсіндірді. Айтуынша, әр сайлаушыға берілетін бюллетеньде тек ұсынылған өзгерістерді қолдау немесе  қолдамау тармағы қарастырылған. Азаматтар енгізілетін 56 түзетуді БАҚ   оқып білуіне болады.

А. Данияр