Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кешірші - өкпелемешеші».Түркия мен Ресей қарым-қатынастары жібиді...

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2016
  • 3055

Нұрсұлтан Назарбаев, Тайып Ердоғанға көңіл айтты. Олар телефон арқылы сөйлескен. Сондай-ақ, Ердоған Назарбаевқа Ресеймен арадағы тоңды жібітуге қосқан үлесі үшін рахмет айтты, деп хабарлады, президенттің баспасөз қызметі. Ердоған Ресей президентімен телефон әңгімесі туралы да айтып берген. Иә, Түркия мен Ресей қарым-қатынастарын қалпына келтіруге келісті. Апта басында Түркия президентінің Ресей президентіне «үшбу хат» жолдағаны жарияланған. Онда өткен жылы ресейдің СУ-24 ұшағы атып түсірілгенде бір ұшқыштың опат болғанына өкініш білдірген... В.Путиннің мұны  «жон арқадан қадалған қанжар» деп, Түркияның бір сәтте жау болып шыға келгені мәлім. Түптеп клегенде екі жақтың да қарапайым азаматтары зардап шеккен. Түріктер туризм саласына қатысты, орыстар жеңіл өнеркәсіп, құрылысқа байланысты шығын көріп, жеміс-жидек, көкөністен қағылды. Путин кешірім сұрауды қайта-қайта айтқан. Енді міне, Кремль «кешіріңіз» деген сөзді естіді. Форбс. ру бұл «өкпенің» әу бастан абсурд екені түсінікті, -деп жазды. Ал «кешіріңізге» келсек, Ердоған «kusura bakmasınlar» деген тіркесті қолданған. Ал оны орыстар  «кешіріңіз» деп аударған. Бірақ тіркес пен нағыз «кешіріңіздің» айырмашылығы жер мен көктей болмаса да, үлкен. «Өкпелемеңізге» көбірек келеді. Оның үстіне Түркия президенті сөзді опат болған ұшқыштың отбасына айтқан. Әрине, қарапайым адамдар тілдік айырмашылыққа, басқа да ньюансқа  мән беріп жата ма, «шынымен солай деп пе» деп, түрік сөзінің мағынасына үңіле ме?! Сондықтан Кремль үшін бастысы, орыс бұқарасы «Ердоған тізе бүкті, кешірім сұрады» деп ойлады, ал түріктер президентіміз ресейлік әріптесінен бұртия бермеуді сұрады деп ұқты. Сонымен түрік қызанағы орыстар үшін қайтадан «дәмді әрі пайдалы» болмақ. Түркия «терроршылар мекені» емес, демалып, жан жадыратын жағалауы бар елге қайтадан

айналады. Себебі екі елдің президенттері байланыстарды жібітуге келіскен.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Меніңше екі мемлекеттің арасында астыртын келіссөздер болды. Олар жаңағыдай пәтуаға келгендей болды. Қырғы-қабақ жағдайдан оң серпінге көшу керек деген. Санкциялар құрсауындағы Ресейге де ауыр тиген мәселе бұл. Бұл тек туризм емес, бұл сауда-саттық, ауыл шаруашылығы мәселелері. АЭС салмақшы, Түркия арқылы газ құбырларын тартпақшы... Ердоғанның айтқаны, бұл өкініш білдіргені ғана. Ресей кешірім сұрады деді. Менің ойымша осылай етуге өзара келісім болғанға ұқсайды... Ресей қиын халықаралық жағдайда отыр. Түркияның да жағдайы мәз емес.