Русский Сайттың толық нұсқасы

Ветеринария саласының «инфекциялары»...

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2016
  • 2960

Тағы да қарасанға байланысты. Қарағанды облысында содан өлген малдар көмілген қаншама ошақ ашықтан-ашық қараусыз қалған. Соңғы 80 жылда 135 оқиға тіркелсе, ветеринарлар өлген мал көмілген 16 орынды ғана тапты. Оның екеуі Шет ауданында. Ал  инфекция 100-150 жылға дейін жойылмайды. Және бір мәселе, екпелер ережеге сәйкес сақталмайды екен. Ондай екпеден малға пайда жоқ. Еркіндік ауылынан шыққан қарасан мал шаруашылығына, ауыл-аймақты басқаруға байланысты мәселелерді жалаңаштап берді. Айжан Қуаш жіліктейді.

Қарағанды облысында шыққан қарасан дерті ауыл шаруашылығындағы талай мәселенің бетін ашты. Ең жаманы - аймақта сібір жарасының қаншама ошағы ашықтан ашық жатыр екен. Соңғы 80 жылда 135 оқиға тіркелсе, ветеринарлар оның 16-сын ғана тапты. Оның екеуі Шет ауданында. Ең соңғысы 1965 жылы болған. Ал, қалған малдардың қашан, қайда көміліп, жойылғаны белгісіз.

Бақыт Айдарханов, Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы эпизоотикалық бөлім басшысы:

Қалғандарын іздегеннің өзінде анықталмай жатыр .Жаңағы Джипиэс-пен тексергенде ауыл,аймақтың үстінен көрсетеді. Ал, нақты көмілген жері анықталмай жатыр.

Гүлмира Исаева, ҚР ауылшаруашылығы вице-министрі:

Республикада сібір жарасының 734 көміндісі қоршалмаған.Яғни, бұл аурудың көлік, мал, адам арқылы тарау қаупі жоғары деген сөз.

Негізінен, қарасан дерті шыққан жерде мынадай белгі тұруы шарт. Ол өртеліп, зарарсыздандырылып, көмілген малдың орны. Үстіне бетон құйылып, ескерту тақтайшасы шегеленеді. Ондай аумаққа аттап басуға болмайды. Инфекция қалса, 100-150 жыл бойы сақталып, топырақтан жұғуы мүмкін.

Саят Мусин, Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

Маман ретінде бірінші болжаған версиям жаңағы жергілікті почвенный инфекция дейміз, ауруды қоздырғыш болғаннан кейін жаңағы почвадан тарап отырған ауру деп есептеймін.

Маманның сөзінің жаны бар. 3 күн бұрын дәл сол Еркіндік ауылынан қарасан дертіне шалдығып, көмілуі мүмкін мал қорымы табылды. Елді мекеннен 10 шақырым жердегі көмінді еш қоршаусыз, тіпті бірде бір белгі қойылмаған. Ал, ең қорқыныштысы - ауылдың табыны дәл сол жерде жайылыпты.Оны ақсақалдар көрсеткен.

Саят Мусин, Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

Табын негізгі жайылымға шығатын бағытта күдікті көмінді табылып отыр. Қазіргі уақытта мамандар жердің сынамасын алып,зертханаға жіберіп қорытындысы белгілі болады. Ол жерде сібір жарасының көміндісі ма,басқа ма деген.

Ветеринарлар мұндай қауіпті ошақтар  Кеңес  одағы кезінде құпия сақталған дейді. Ал, белгілілері сол ауыл қарияларының айтуымен табылған. Аймақта қарасан дертінің көмінділерін былай қойғанда, қазіргі мал қорымдарының жағдайы да оңып тұрған жоқ. Қарағанды облысында бар 107 типтік қорымның тек 44-і ғана қоршалған. Бұл енді Кеңес одағының емес, жергілікті әкімдіктердің жылдар бойғы салақтығы мен сараңдығынан қалыптасқан жайт.

Бақыт Айдарханов, Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы эпизоотикалық бөлім басшысы:

Биылғы 2016 жылы аудан,қала бойынша мал қорымдарына Бұқар Жырау ауданы ғана бөліп отыр.Қалған аудандардан қаражат бөлінбеген.Сол себепті осындай жағдай туындады.

Бүгінде Қарағанды облысында 9 аудан, 9 қала барын ескерсек, оларда 63 типтік мал қорымы ашық-шашық жатыр деген сөз. Жайылған мал, қаңғыбас иттер мен мысықтардың қандай ауру жұқтырып жүргенін ешкім білмейді.

Ержан Бекетов, Қарағанды қаласының ветеринария бөлімінің басшысы:

Типтік мал қорымы бұл қоршалған болуы керек. Аумағына бөгде адамдарға кіруге,мал жаюға болмайды.Өйткені, бұл жерде ауру малдардың өлекселері,биологиялық заттар жойылған.

Ал, ветеринариядағы өрескел кемшіліктерді апта басында Қарағандыға іссапармен келген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаеваның өзі жайып салды. Айтуынша, облыстағы 211 ветеринарлық бөлімнің тек екеуінде ғана жеке меншік ғимарат бар екен. Ғимарат Еркіндік ауылында да жоқ. Оның үстіне, ветеринардың вакцинаны дұрыс сақтамағаны белгілі болды.

Сондықтан Еркіндік ауылының 5 мыңнан астам малы егілген вакцинаның құрамы тексерілмек.

Гүлмира Исаева, ҚР ауылшаруашылығы вице-министрі:

Вацинаның сапасын анықтау үшін Еуропалық тәуелсіз сараптама орталығына жібердік. Егер одан кемшіліктер табылса, ветеринарлық инспекция мамандары,осы салаға қатысты атқарушы билік өкілдері де жауапқа тартылады.

Ал, мамандар қарасан дертінің алдын алу үшін егілетін екпенің арнайы ережеге сәйкес, салқын қоймалар мен термошабадандарда сақталатынын айтады.

Досым Сарғасқаев, Қарағанды қаласындағы медициналық және ветеринарлық дәрі-дәрмектер тасымалдаушы компания өкілі:

Мынау сібір жарасының вакцинасы. Бүгін келіп тұр Астанадан.Міне, 50 дозадан. Қазақстанда Степногорскіда жасалады. Міне осы помещениеде 6 градус. Температаурный режим +2 ден +10 градусқа дейін. Бізде 6 градус.Ортасын ұстап тұрмыз.

Ветеринарлар мен дәрігерлерге қатысты қозғалған қылмыстық істер әлі аяқталған жоқ. 7 адам аурханада ем алып жатыр. Халық әбден әбігерге түсті. Тіпті әлеуметтік желілерде сүт өнімдерін шығаратын жергілікті  фабрика өнімдерінің қарасан дертінің инфекциясымен уланғаны туралы хабар тарады.Алайда, облыс санитарлары бұл қауесетті жоққа шығарды.

Елдің қорыққаны сонша, базарларда етке деген сұраныс күрт төмендеп кетті.

Айтжамал Шайымова, сатушы:

Басында азайды, иә.Ет қай жақтан келіп жатыр деп сұрайды.Біз енді шет жақтан алып жатқан жоқпыз еттерді.Анықтамамыз бар.

Майшарып Омарханқызы, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Сенбеймін.Әзірше сенуге болмайды.Қанша жасқа келсек те,өмір сүргіміз келеді.Немере-шөберелерімізді сақтағымыз келеді ондай аурудан.

Расында да, Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін ветеринарлар толық қадағалай алмайды. Шағын және орта бизнесті бас - көз жоқ тексеруге тыйым салынған. Бірақ сатушылар, сататын мал еттерін жекеменшік зертханаларда тексертуі тиіс.

Қабдолла Ақпаров, Қарағанды қаласы аумақтық ветеринарлық инспекция басшысы:

Супермаркеттер мен базарларды күнделікті тексеріп, қарап отырамыз. Кішкентай дүкендердегі ет бөлімдерін қарауға құқығымыз жоқ. Шын мәнінде өтеді,өтпейді деп айта алмаймын.Бұрынғы кезге қарағанда аз келеді.

Алайда,мамандар халықты сабырға шақырады. Базарлардағы мал еттеріне міндетті және қосымша сараптамалар жасалады. Алдымен қауіпті емес аурулардың бар-жоғы анықталады.Ал, аса қауіптісіне күдіктенсе облыстық зертханаға дереу хабарланады.

Жібек Өміртаева, Қарағанды қаласы жеке меншік зертхана меңгерушісі:

Мына төртбұрышты печать ауылдан келеді.Екіншісін біз тексеріп қоямыз. Етте осы екі печать болса,қорықпай жей беруге болады.

Еркіндік ауылынан әзір, ет,сүт өнімдерін тасымалдауға қатаң тыйым салынған. Карантин 9 шілдеге дейін. Оның үстіне, мамандар ауылда сібір жарасы қалай тарағанын әзір анықтаған жоқ. Жалпы кез-келген ауыл табындарының аса қауіпті көмінді үстінде жайылып жүрмесіне кім кепіл?! Сондықтан, адамдардың өз өмірлері үшін алаңдауы заңды. Мамандар кеңесіне құлақ асып, етті тексеріп алыңыздар. Ал Еркіндіктегі оқиғадан соң ветеринарлық саладағы «инфекциялар» қарқынды жойыла бастауы тиіс.