Қалалардың, оның ішінде Астананың нөсер құйса, «жүзіп» шыға келетіні алаңдамайтын оқиғаға айналып барады. Қоғам керісінше, әлеуметтік желілердегі осы тақырыпқа байланысты ащы күлкі туғызатын шарждарға елеңдейді. Мәселе шешімін таппаған кезде адамдар сарказм мен ирониядан ләззат алады. «Автомобиль алам ба деп жүргем, дұрысы қайық-ау» деп салған фотолардан бастап, сёрфборд-пен сырғанаған әкім... Лай судан көз ашпайтын атыраулықтар «қалай екен» деп мысқылдайтын да шығар, кім білсін... Ал Алматы. Ол енді «бөлек ән». Қоқысты контейнерге емес, нақ арыққа барып тастайтын «біртүрлі» дейікші, кісілерден басталатын «ән».
Оны «күрделі шығармаға» айналдырып жіберетін тағы бір мәселе бар.Таудағы мұздақтар. Бетін аулақ қылсын дейміз, бірақ апаттан келетін шығын оның алдын-алуға, болдырмауға ықпалдасатын әрекеттен мыңдаған тіпті миллиондаған есе көп. Бұл бала білетін есеп. Бірақ логикасы мықты бала білетін... Айгүл Ермаханның материалы.
Толассыз жаңбырдан халқы мен билігі ес жия алмай жатқан Алматыға енді тау жақтан қауіп төнді. №6 және №13 көлдегі судың жағдайы шаһарда аяқ асты сел болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Елімізде болып қалуы ықтимал сел қаупін белгілі географ ғалым Борис Степанов еске салды. Арнайы бізге сұхбат берді. Мұздақ көлдердің ахуалы жайлы көпшілік біле бермейтін жайттарды жіпке тізді.
Борис Степанов, география ғылымдарының докторы, профессор:
Көлдердегі мұздақтарды босатуға күш салу қажет. Көл ортасына екі сифонды орнатады. Оның күші судың дейгейін ары кетсе 3-4 метрге азайтады. Ал, көлдердің тереңдігі 20 метрге дейін барады. Тазаланбаған соң, жаз кезінде мұз еріп судың көлемі көбейеді. Көл пайда болғалы 60 жылдан бері су деңгейі еріген қар мен мұздан жиналып отырды. Одан жер асты каналдары пайда болды. Ал, оның суы қайда кетіп жатқанын, қай күні жарылып кететінін ешкім қадағалап отырған жоқ.
Иә, сақтансаң сақтаймын деген. Қадағалаудан қалған «Қарғалы» өзені өткен жылы «мінез көрсетті». Бұл 23-шілде күні түнгі сағат 3 шамасында Қарағайлы ауылына айтпай келген сел апатынан көрініс. Ауыл-ауылды аралап, жолдағысын түгел сыпырған екпіндеген лайлы судан үрейленген жұрт жапа-тармағай қашты. Үлгергені бала-шаға мен құжаттарды түгелдеп, етектегі ауылдарға бас сауғалады. Онда да жоғары ауа температурасынан тау басындағы мұз еріп, «Безымянное» мұздақ көлінің толуына әкелген еді.
2 млрд теңге шығын әкелген апат шенеуніктерге неге сабақ болмады екен деп қынжылады, маман. Тіпті көлдерді босатудың тиімді тәсілін ұсынып отыр. Мұзды жарып, оны бульдозермен сыртқа шығарып тастауға болады. Сол арқылы судың деңгейі төмендеп отырады. Тіпті көлге техниканы апаратын жол да бар. Бірақ сөзімізге құлақ асқандар шамалы. Мұзға қол тигізуге қорқады. Ал, өздерінің тек көлдің беткі қабатын қадағалап отырған жұмысы нәтижесі бермесі анық- дейді ғалым.
Борис Степанов, география ғылымдарының докторы, профессор:
Егер №6 көл таситын болса, Медеу сел қоймасы толады да, сел жүреді. Ондағы 12 млн текше метр лай аралас көшкінді сіз шығарып көріңіз. Бұрын 1 текше метр лайды шығарудың құны 5 доллар болатын. Қазір 10 доллар болған болар. Енді 12 млн текше метрді 10 долларға көбейтіңіз 120 млн көк қағаз құны шығады. Ал, көлдерді тазалауға кететін ақша бұның қасында түкке тұрмайды.
Ғалымның жанайғайы жауапты мекемелердің құлағына жетті ме, әлде қаладағы соңғы кездегі толассыз жауынның салдарынан мезі болды ма екен, әйтеуір көлдер маңайында қыбыр басталды. «Қазселденқорғау» тікұшақпен көл басына мамандарын көшірді. Шаһарға қауіп төндірген көлдердің басында 8 бекет ашты. Өнімділігі жоғары қалқымалы сусорғыш қондырғыларды іске қосты. Оның көмегімен бір көлдегі су деңгейін 15 күн ішінде қауіпсіз деңгейге дейін түсіруге болатынына сендірді.
Ринат Әміржанов, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі алматы қалалық пайдалану басқармасының бастығы:
Көлдердің деңгейі әрқайсысында әртүрлі. №6 көл 140 мың куб болған, 13 көл 300 мың куб, ақсайдағылар 180 мың куб 150 мың кубтан біз соны мынау 100 деген сөздің барлығын алып тастасақ, 25 мың куб , 30 мың куб десек жағдайдың жақсы болғаны.Қазір судың көлемі көтерілген жоқ. Сулардың көтерілуі біз пландап отырмыз 15-20 июльге барады деп. Ал, енді ол уақытқа шейін біз көлдердің деңгейінің барлығын азайтып үлгереміз қауіпсіз деңгейге.
Бірақ көлдердегі судың деңгейі оқығандардың әдісімен емес, қаражатты бөлгендердің нұсқауымен түсіріледі.
Ринат Әміржанов, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі алматы қалалық пайдалану басқармасының бастығы:
Ғалымдардың айтысы бойынша барлық көлдердің асты жер асты суларымен байланыста. Олар өздері табиғаттан қанша керегін алады. Ал, енді одан қатты жарылып кетіп жер асты суымен шығу деген мүмкін емес. Өйткені жер астында бізде үлкен көлдер де бар. Гидрогеология айтады ғой Алматының астында соларға барып қосылады. Қауіп жоқ. Мұзды шығару мүмкін емес. Көлдің жағалауын қазып, көлге шейінгі деңгейін түсіру үшін қазу, жару жұмыстарын атқарамыз. Көлдегі мұздықтарды шығарып тастау деген Алматының басында 78 мұздық бар. Оны қалай шығарамыз ол халыққа су беріп жатқан нәрсе. Біз содан су ішіп жатырмыз. Ол мүмкін емес.
Бейнеқыстырма: Көлдердегі қызу жұмыс, суда жүзген Тесла, арыққа түсіп кеткендер.
Бұл бейнекөріністерге қарасаң, Алматы екінші Венецияға «ұқсайды». Бауыржан Байбекті мысқылдамаған әлеуметтік желі де қалмады. Жергілікті биліктің қаладағы арықтардың ағысын ауыздықтауға күші жетпей жатқанда, көлдерден келетін қауіпті елестетудің өзі қиын. Үздіксіз жауынның салдары мен арнасынан тасыған арық-атыздардың ағысын ауыздықтай алмай отырған шаһар билігін премьер-министр сынға алды. Алайда қала әкімі Байбек Мәсімовке «жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», деп сендіріп бақты. Сөзінің рас-өтірігін білу үшін Үкімет басшысы жақын арада Алматыға арнайы келетін болды.
Кәрім Мәсімов, ҚР премьер-министрі:
Жақында Алматыға барып, не жағдай болып жатқанын өз көзіммен көріп шығамын. Бірақ оған дейін сіз арық жүйесін көріп шығады деген сенімдемін.
Премьер келемін дегенді естісімен шаһар атқамінерлері 8 ауданның сызба картасын жайып, қаладағы арықтардың 50 пайызының жағдайы сын көтермейтінін жеткізді. Қала басшысының орынбасары Ерлан Әукеновтің сөзінше, арықтарды тексеру, түгендеу шаралары наурыз айында басталған. Бүгінге дейін 1200 шақырымы инвентаризацияланды. Оның 850 шақырымдайы жол жиегімен өтсе, қалғаны аулалар арқылы ағады. Бұған дейін мұндай сараптама 50 жыл бұрын жүргізіліпті. Ал, жаңбыр суы ағатын кәріз жүйелерін түгендеу үшін арнайы карта жыл соңына дейін жасалмақ.
Ерлан Әукенов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
Басты мәселе - жеке тұрғын үйлерде болып тұр. Оларды салғанда климаттық жағдайдың өзгеруі ескерілмеген. Соңғы күндері жаңбырдың айлық мөлшері жауды. Бұл табиғи жағдай. Соған қарамастан, біз барлық мәселені шешетін боламыз. Жеке учаскелердегі су басуға бейім аумақтарды тауып, арықтар желісін тартамыз.
Шенеунік арықтар мен жауын суы ағатын кәріздерді тазалайтын қызмет орталығы құрылатынын айтты. Ал, арыққа тұрмыстық қалдықтарды тастауды әдетке айналдырған тұрғындар үшін үш жарым мыңдай қоқыс салатын жәшіктер орналастырылады. Бірақ тұрғындардың экологиялық мәдениеті жоғарыламаса бастамадан түк шықпас дейді. Көпшіліктің өзі оны мойындап отыр.
Рустам Сабденов, қала тұрғыны:
Бірінші кезекте адамдардың сана сезіміне байланысты. Өйткені алады да, қоқыстарды мысалы мынадай суларды ішіп, арықтарға лақтырады. Су қаптаудың мәселесі содан. Бірінші адамдардың табиғатқа деген көзқарастары немқұрайлы болғандықтан, бірден-бір әсері болады деп ойлаймын.
Қанға сіңген қасиет болар біз толарсақтан саз кешкенде ғана іске кірісеміз. Осы Қарасу және Есентай өзендерінің арнасын үйлерге су кірмей тұрып кеңейтіп, түбін лайдан тазартпасқа болмас па еді? Мейлі кеште болса, жауапты мекеме жуырда өзен аңғарларының жан-жағын жөндеп, жыртығын жамауда. Жұмыстың бір күндік емес екенін арнайы көліктің тізгініне отырғызып, бізге басқартып түсіндіріп жатыр. Жалпы Алматыда ұзындығы 320 мың шақырымды құрайтын 28 өзен бар екен. Оның 120 мың шақырымына ғана қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Қазір мына қос өзеннің арнасын кеңейту жұмыстарына жергілікті қазынадан 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Әзірге екі өзенде жұмыс қызды. Қалған 26-н келесі жауын төбеден төпелегенде тазалап алармыз.
Айтпақшы, Кіші Алматы өзеніндегі 1967 жылы салынған «Мыңжылқы» бөгетін ұзартып, қалқанды қайта бекемдеу жұмыстары қолға алынбақ. Оған 169 млн теңге қаражат бөлінген. Қазір жобалау жұмыстарына тендер жарияланған көрінеді. Жеңіске жеткен мекеме 250 мың текше метр суды өткізбеуге қауқары бар бөгеттің ауқымын 500 мың текше метрге жеткізуі керек. Бастысы қауіпті сейілтетін бөгеттің ақшасы «тістегеннің аузында,ұстағанның қолында» кетпесе болғаны. Әне-міне дегенше, шілде де кірді. Аптаған ыстықтың көкесі әлі алда. Тау көлдеріндегі қар мен мұздың еру процесін қауіпсіздікке жауапты мекемелер кірпік қақпай қадағалайды деп сенеміз. Жоқ, үміттенеміз...
Айгүл Ермахан «Біздің уақыт».