Русский Сайттың толық нұсқасы

"Конституциядағы өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінетін болады", - Е.Қарин

  • AstanaTV
  • 18 мамыр 2022
  • 1415

Қазақстанды ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр. Бірақ ол Конституциялық реформасыз мүмкін емес. Бұл туралы Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин өзінің "YouTube" арнасында Конституцияға ұсынылатын негізгі өзгерістерді түсіндіру кезінде айтты. Айтуынша, Ата заңға енгізілетін түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Сонымен бірге, Конституциялық реформа – Президенттің саяси реформаларының қисынды жалғасы, дейді. Аталған өзгерістер азаматтардың сұраныстарына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылатынын жеткізді. Бұдан бөлек, референдумға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды бес ірі блокқа бөліп, түсіндірді. Біріншісі - суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Президент өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде ешқандай саяси партияға мүше болмайды. Сондай-ақ Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелеріне де осындай тыйым салынады. Түзетудің мақсаты – саяси бәсекені арттыру және барлық саяси партияларды дамытуға бірдей  жағдай жасау.


Бұл күшіне енсе,  Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға және аудан, қала мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға құқығы болмайды, деді. Сондай-ақ, Ерлан Қарин , бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу жайын, Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыру туралы түсіндірді. Халықтың ел басқару ісіне қалай араласатыны жайында да айтты. Ата заңның азаматтар құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған өзгерістерге де кеңінен тоқталды. Мемлекеттік хатшының айтуынша, бұл өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінеді.

Ерлан ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Атап шыққан түзетулер Мемлекет ісінің негізгі принциптерін қамтиды және Қазақстан үшін тарихи маңызға ие. Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың маңызды бөлігі. Осы түзетулерді қабылданғаннан кейін 20-ға жуық заңды өзгертуіміз керек.

А. Данияр