Русский Сайттың толық нұсқасы

"Референдум – демократияның шынайы көрінісі", – Мәжіліс депутаттары

  • AstanaTV
  • 19 мамыр 2022
  • 1668

5-маусым ел тарихындағы елеулі күн болмақ. Батыс Қазақстан облысының халқымен кездесіп, алдағы саяси науқанның қаншалықты маңызды екенін түсіндірген Мәжіліс депутаттары осылай деді. Олардың айтуынша, халық референдумнан үлкен үміт күтеді. Яғни мемлекет тағдырын айқындар Ата заңды уақыт талабына сай өзгертуге әр азамат мүдделі. Бұған дейін өңірдің шалғай ауылдарын аралаған  депутаттар қаладағы өндіріс орындарының жұмысшыларымен де кездесті. Бүгін олар ат басын тіреген компания - еліміздегі диаметрі 1600 миллиметрлік полиэтилен құбыр шығаратын жалғыз кәсіпорын. Ел дамуындағы үлесі сүбелі мекеменің жұмысшылары конституциялық реформаға әлеуметтік мәселелердің енгізілуін құптайды.

Балауса АЙТЖАНОВА, КӘСІПОРЫН ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Мұндай өзгерістер болған жоқ бұған дейін. Сол мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Қазақстанда қандай өзгеріс жасау керек, жасалсын деген жолдардың бәрін айтуға тиістіміз. Ұсыныстармен таныстық. Халықты қуантып жатыр. Жақсы жағынан, жақсы өзгерістер болады деп күтеміз.


«Жаңа Қазақстанды» құрудағы референдумның рөлі мен маңызы шымкенттік дәрігерлер ортасында да талқыланды. Мәжіліс депутаттары бастаған топ бүгін Шымкенттегі қалалық балалар клиникалық ауруханасында болды. Мемлекетіміздің басты құқықтық құжатына енгізілетін өзгерістерді  халықтың таңдауына  салу ұтымды шешім,-дейді депутаттар.  Ал дәрігерлер дауыс беру арқылы халық өз болашағын өзі шешетінін жақсы түсінетіндерін айтты.   

Болат НҰСҚАБАЕВ, ШЫМКЕНТ қ. БАЛАЛАР КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жаңарған Қазақстан керек. Біз барамыз бәріміз референдумға құдай қаласа. Егер осы референдум қабылданса біздің еліміз жақсарады деп, күшейеді деп, нығады деп мен кәміл сенемін.


Ә. Бердібеков