Елордадағы кейбір дәріханаларда психотропты препараттар ашықтан ашық сатылып жатыр. Тұрғындар осылай деп арнамызға шағымданды. Айтуларынша, олар тұратын көпқабатты үйдің айналасы адамнан арылмайды. Күндіз-түні дәріхананы торуылдайды дейді. Ал жауаптылар жеке кәсіп иелеріне ештеңе істей алмаймыз дейді. Құзырлылдар неге қауқарсыз? Тілшіміз Әсел Дүкембаеваның репортажы.
Жан-тәніңді басқа әлемге алып кететін, басыңды айналдыратын дәрілер қаланың қақ ортасындағы дәріханаларда еркін сатылып жатыр. Елорда тұрғындары есті алар есірткінің ашықтан ашық саудаланып жатқанына алаңдаулы. Кешкі уақытта тіпті далаға шығуға қорқамыз дейді.
Гюзаль БАЙЖАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мұнда 15 минуттай тұрсаңыз жеткілікті. Адамдар келіп-кетіп жатады, ақшаны жанындағы дүкеннен шығарып, дәріханадан дәрілерді сатып алады. Бұның бәрі ашық түрде болып жатыр. Және басым көпшілігі жастар.
Галина, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мектептің маңайын қараңыз, дәрілердің қабығы толып жатыр. Таңертең үйімнің маңайында толған ер адамдар. Бәрі осы дәріханаға келіп кезекке тұрады. Рецептпен берілетін дәрілер бұл жерде ашық сатылып жатыр.
Психотропты дәрілер сататын дәріхананы біз де жарты сағаттай бақыладық. Ер адамдар үздіксіз бірінен соң бірі келіп жатыр. Іштен шыққан бір жігіт бізбен тілдесуге еш қарсылықсыз келісті.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен осы жерден жанды тыныштандыратын дәрі сатып алдым. Менде миымда жарақат бар, көрсетсем болады. Үлкен жарақат, соны емдеу үшін сатып аламын.
Мұнан кейін де ол дәріханаға бірнеше мәрте кіріп-шықты. Не істеп жүргені-жұмбақ. Жауапты комитет өкілдерінің айтуынша, бұл дәріханаға бұған дейін талай рет ескерту берілген. Онан басқаға құзырымыз жоқ дейді.
Әсия МОЛДИМАНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Қазіргі енді Астана қаласында ең ірі негізгі негізгі деген 5- 6 дәріхана бар. Олардың бәрі жеке кәсіпкер. Жеке кәсіпкерліктің мораторингіне келіп отырғандықтан оларды жеке тыс тексеруден өткіз алмаймыз, өкінішке орай.
Мамандар, денсаулық министрі психтропты дәрілерді есірткі типтес препараттар тізіміне енгізіліп, қылмыстық іс қозғалатындай етсе дейді. Ал, қазір мұндай жағдай әкімшілік бұзушылықпен ғана тіркеліп отыр дейді. Ресей, Украина, Беларусь елдерінде құрамында есірткісі бар бұл дәрілерді сатуға мүлдем тыйым салынған.
Ә. Дүкембаева