Русский Сайттың толық нұсқасы

Бокс болмай жатып, қорқып тұрғанын сездіріп қойды

  • AstanaTV
  • 20 мамыр 2022
  • 1106

Кезек, әдеттегідей спорт жаңалықтарында. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, бүгін қандай қызықты ақпараттармен бөлісесің?

Армысыз, көрермен! Кеш жарық, Амина! Қазақ қыздарына алтын бұйырмады. Бокстан әйелдер арасындағы әлем біріншілігінде осылайша өз мәресіне жетті. Осы және өзге де жаңалықтар алдағы минуттарда.

Бокс болмай жатып, өзінің қорқып тұрғанын сездіріп қойды. Бүгін Жәнібек Әлімханұлы мен ұлыбританиялық Дэнни Дигнум Лас-Вегаста көз арбасу рәсіміне қатысты. WBO тұжырымы бойынша «уақытша» әлем чемпионы титулы үшін өтетін жекпе-жек кеші 22 мамырға жоспарланған. Қос былғары қолғап шебері көз арбасу рәсімінде бір-біріне ұзақ қарады. Нәтижесінде Дигнум бірінші болып Әлімханұлын "мойындағандай" әсер қалдырды. Айта кетейін, отандасымыз бүгінге дейін 11 жекпе-жек өткізіп, әлі жеңіліп көрмеген. Ал Дигнум,  кәсіпқой бокстағы мансабында 15 жекпе-жек өткізіп, 14 рет жеңіске жеткен, бір кездесуі тең нәтижемен аяқталған.

Қазақ қыздарына алтын бұйырмады. Бокстан әйелдер арасындағы әлем біріншілігінде бұрымдыларымыз 1 күміс, 4 қола жүлдемен жарысты аяқтады. Қоржынға «алтын» салады деген үміт 48 келідегі Алуа Балқыбековада болған. Бірақ, ол да бұйырмады. Жарыстың қазіргі кестесі бойынша қазақстандық қыздар жалпы командалық есепте 6-орынға тұрақтады.

Хоккейден әлем чемпионаты кезінде қазақстандықтар қатарынан төртінші жеңіліп қалды. Жарыстың кезекті күні Қазақстан және Канада құрамалары жолықты. Есепті бірінші біздің жігіттер ашты. Ойын басында Егор Петухов мергендігімен көзге түскен. Десе де, канадалықтар ә дегеннен таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп: 6:3. Осының арқасында Канада 12 ұпай жинап, «А» тобының бірінші сатысына жайғасты. Ал Қазақстан құрамасы 0 ұпаймен ең соңында тұр. Отандастарымыз бүгін Словакия хоккейшілерімен кездеседі. Турнир 29 мамырда аяқталады.

Менде бүгінге осы. Назарларыңызға рақмет! Сау болыңыздар. Қайта көгілдір экран арқылы жүздескенше. Амина, сөз сенде.

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр