Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 13 жастағы оқушыны бұралқы иттер талады

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2022
  • 2649

Ақтөбеде 13 жастағы оқушыны мектептен қайтар жолда бұралқы иттер талады. Сау жері жоқ қыз бала әбден шошынып қалған. Қазір балалар ауруханасында ем алып жатыр. Анасы полицияға арызданған. Ал, ветеринарлар қаланың әр ауданында қаптап кеткен иесіз иттермен не істейтінін білмей дал. Себебі, жаңа заңға байланысты ит аулау тоқтатылған.  

Шошынғаны соншалық балам ит деген сөзді естісе жылап қоя береді, дейді итке таланған оқушының анасы Алтынгүл Жарылғапова. Жеткіншектің денесінің сау жері жоқ. Түнімен аласұрып ұйықтай алмайтын көрінеді. Анасының айтуынша, оқушы қыз кешкілік сабақтан жалғыз қайтып келе жатқанда алдынан бір топ ит шығып, жан-жақтан жабылған. Абырой болғанда, көрші жігіт терезеден көріп қалып, баланы бір өлімнен құтқарып қалған.  

Алтынгүл ЖАРЫЛҒАПОВА, АНАСЫ:

Аң сияқты, қасқыр сияқты талап тастаған. Тістеп алып, кетіп қалса екен. Олар деген кәдімгідей талаған, дым жоқ баланың үстінен. Тек бетін жапқан бүйтіп, беті, мойыны қалған, соның өзінде мына жерін, басының терісін кәдімгідей жұлып алған. Тағы 3-4 минут неткенде кеңірдегін жұлып өлтіретін еді.


Дәрігерлер бұралқы ит терісін бірнеше жерден жұлмалап тастаған баланың басына үш жерден, аяғына 21 жерден тігіс салған. Арқасы мен қолында да ит тісінің ізі бар. Жарақаттан бөлек ауыр психологиялық соққы алған.

Қуантай МАХАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ ЖӘНЕ НЕЙРОХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Жағдайы жалпы жарақатына байланысты түскен кезде ауыр болып есептелді. Қазір жағдайы қалыпты. Бірақ, иттен қорқыныш сезіміне байланысты несі бар. Кеше айтылды, бүгін психолог келеді, кеңес береді.

Ақ халаттылар ауруханаға күніне ит, мысық тістеген 3-4 бала түседі дейді. Көбінің жарақаты жеңіл болып, құтырмаға қарсы екпе салған соң, үйлеріне жіберіледі. Қалада бұралқы иттердің қаптап жүргенін ветеринарлар мойындап отыр. Бірақ, шарасыз. Себебі, наурызда қабылданған заң бойынша көшеде ит атуға рұқсат жоқ. Жаңа ережеге сәйкес, мамандар қаңғыбас итті аулап, уақытша орында ұстап, залалсыздандырып, вакцина салып, алып кеткен жерге әкелуі керек екен. Ақтөбеде иттерге арналған бір тұрақ бар. Жекенің қолында болған соң, ақылы. Ал, бюджетте бұған қаржы қарастырылмаған.

Иса БАЗАР, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бюджеттік сипаттамада көрсетілмеген. Қаңғыбас итті аулау, оны уақытша ұстау, стерилизация деп көрсетіп жазылуы керек. Ал, онда жазулы тұр: аулау және жою деп тұр. Сондықтан, осыны өзгерту керек, бюджеттік классификаторға өзгерістер енгізу керек.

Оқушының анасы болған жайтқа байланысты полицияға шағым түсірген. Ашынған ана бұралқы иттер мәселесі шешілмейінше, күресті тоқтатпаймын дейді.  

Алтынгүл ЖАРЫЛҒАПОВА, АНАСЫ:

Заявление полицияға жаздым, кеше хабар келді, МВД-ға, кетті, тергеу жүргізіліп жатыр деді. Бірақ, мен қолымнан келген шараның бәрін қолданамын, пока мына иттердің бәрін жоймай. Балам «мама, мен мектепке бармаймын, үйден шықпаймын» деп отыр.

Г. Сейтенова