Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте жарылыс болған дәріханаға бөгде адам кірген болуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2022
  • 1913

Шымкентте жарылыс болған дәріханаға бөгде адам кірген болуы мүмкін. Дәріхана иесінің болжамы осындай.  Себебі, оқыс оқиғадан 15 минуттай бұрын  нысанның дабыл қаққышы іске қосылды дейді.   Ал мамандардың болжамы қандай? Жарылыстан кімдер зардап шекті?  Толығырақ тілшіміз Айзада Төребекқызы айтады.

Жарылыстың қатты болғаны бейнебақылау камерасына жазылып қалған видеода анық көрінеді.   Қираған ғимараттың тас-кірпіші біраз жерге дейін жеткен.   

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жарылыстың күштілігі сонша, қос қабаты ғимараттың жарты бөлігі опырылып қалған. Қазір оқиға орнында қирандыларды жинау жұмыстары қызу жүріп жатыр.   


Жарылған ғимаратқа іргелес орналасқан көпқабатты  үйдің бірнеше пәтері  зақымданған.   Вадим Чувайловтың айтуынша,  оның жатын бөлмесінің төбе жабындысы қирапты.   Жарылыс болған кезде   әйелі мен қызы сол бөлмеде болған көрінеді.  Оларды құдай сақтады дейді.

Вадим ЧУВАЙЛОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Әйелім мен қызым қатты шошынып қалған. Қызымды әлі қарату керек мамандарға. Басымыздың амандығына құдайға шүкір деп отырмыз. Бірақ сонда да болса шығынды өтеп берсе екен. Құрылыс компаниялары демонтаж жасап жатыр. Әзірге қалпына келтіруге қатысты нақты ешқандай әңгіме болып жатқан жоқ.    

Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз.   Полиция қылмыстық іс қозғады. Ал төтенше жағдай қызметі мамандарының алдын ала болжамы бойынша,   тұзды ерітінділер әзірлейтін зертханалық дәріханада газ жиналған болуы мүмкін.   Дәріхана қожайынының айтуынша,  бірақ ол күні ғимаратта  ешкім болмаған.  Нысанға бөгде адам кіруі ықтимал  деген болжам айтады.
 
Нұржан ПАКЕЕВ, ДӘРІХАНА ИЕСІ:
 
Сол күні сағат 11:22 де дабыл қаққыш іске қосылды. Бұл жарылыс болардан 15 минуттай бұрын болған жағдай. Барлығы тіркелген. Ал негізінде біздің зертхана барлық талаптарды, қауіпсіздікті,  ерітінділерді сақтау ережелерін  қатаң сақтайды. Бұл жерде түсініксіз жағдай болып тұр. Қалайша өздігінен жарылуы мүмкін деген сұрақ мені де ойлантады. Қазір біз азаматтық борышымыз ретінде өз тарапымыздан қайтыс болғандар мен жараланғанға жәрдем беруді бастап кеттік.
 
Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты.  Перинаталдық орталықтың 43 жастағы күзетшісі мен бір жұмысшы  көз жұмды. Және   туғанына 18 күн ғана болған салмағы 790 граммдық шақалақ шетінеді.  Тағы сегіз адам  жарақаттанған.  

Марат ПАШИМОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Оның ішінде 4 кіші буын қызметкерлер, бір медбике. Екі адам сол жақта сол жақта өздеріңіз білесіздер, күрделі жөндеу өтіп жатыр, перинаталдық орталықтың бір корпусы, соның ішінде жүрген жұмысшылар. Олардың жағдайы бірқалыпты. Олардың ары қарай өміріне қорқатын ешнәрсе жоқ.


Дәлмира ХӘШІМБАЕВА, № 1 ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Краскілеп жатқан едік, бірденен  жарылыс боп кетті. Әрең қашып үлгердік. Аяғымнан трещина болды. Етіне зақым тиген, оң жағымнан барлығы, кірпіштер тиген.
 
Жарылыстан   11 автокөлікке зақым келген. Ғимаратқа жақын тұрған екі машина жанып кетті.  Қазір арнайы комиссия келген шығынды есептеп жатыр.

А. Төребекқызы