Русский Сайттың толық нұсқасы

Маймыл шешегі Қазақстан үшін қауіпті ма?

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2022
  • 2467

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қағуда. Африка құрлығынан аспайтын маймыл шешегі әлем елдеріне тез  тарап жатыр.  Қауіпті  инфекция АҚШ-тан Еуропаға  жеткен.  Жұқпалы дерт Қазақстан үшін қауіпті ма?  Тағы бір індетпен күресуге біздің уәкілетті органдар қаншалықты дайын? Толығырақ келесі бейнематериалда.   

Маймыл шешегі небәрі 10 күнде АҚШ, Канада, Австралия және Еуропаның бірқатар еліне таралып үлгерді. Індеттің алғашқы дерегі Ұлыбританияда анықталған.  Аталмыш елдің екі азаматы осыған дейін Нигерияға сапарлап қайтқан. Іле-шала шетел асып келген өзге де құрлықтың туристерінен  инфекция растала бастапты.  Бір қызығы, бұл аурудың қалай және қандай жағдайда жұғатыны әлі жұмбақ. Ауырғандардың дені – 21 мен 40 жас аралығындағы ер азаматтар.   

Тереза ТЭМ, КАНАДАНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӨНІНДЕГІ БАС МАМАНЫ:

Қазір белсенді зерттеу жүргізіліп жатыр. Вирус әдетте тығыз байланыста таралатыны  белгілі. Бірақ бұл жолы  ауру жұқтырғандардың  көпшілігі індеттің ошағы саналатын  Африкаға сапарламаған. Сондықтан Африкадан тыс құрлықтағы түрлі елдерде мұндай жағдайларды көру таңқаларлық.

Маймыл шешегі дене температурасының көтерілуінен басталады. Бас ауырып, дене ісініп, бұлшықет ауырады. Алдымен бетте, кейін қолда бөртпе пайда болады. Жара орнында тыртық қалуы әбден мүмкін.  Қазақстанда әзірге аталмыш індеттің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен Денсаулық сақтау министрлігі  арқаны кеңге салуға болмайды дейді.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Кез-келген инфекциялық аурудың   жету қаупі қашан да бар. Әлемнің түкпір-түкпірінен қасқағым сәтте таралуы ғажап емес. Маймыл шешегі де осы қатарда.

Мамандар індет өршіп тұрған Батыс Африка елдеріне бармауға кеңес береді. Егер барып жатсаңыз, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн дейді.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Шетел ассаңыз, жануарлармен байланысқа түспеу керек. Өйткені жануардың ауру не сау екеніне кепілдік жоқ. Далалы жерлерде кез-келген өнімді сатып алмаңыз. Яғни, өнімнің сапасы расталған дүкендерден алыңыз. Дерт ауа тамшыларымен таралатындықтан, халық көп жиналатын жерлерге бармаңыз. Бетперде тағып жүріңіз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, маймыл шешегінің де коронавирус секілді төрткүл әлемге таралуы әбден мүмкін дейді. Ковидты әлі толық  жеңбегеніміз де, мамандарды алаңдатып отыр.

Тедрос ГЕБРЕЙЕСУС, ДДҰ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл вирус бізді әр қадам сайын таң қалдырады. Бұл қауымдастықтарға қайта-қайта келетін жойқын дауыл. Өкінішітісі біз оның таралу жолын да, қарқынын да болжай алмаймыз. Инфекция таралған сайын өлім-жітім де артады деген сөз. Әсіресе, вакцина алмағандар арасында тәуекел тым жоғары.

Ғалымдар маймыл шешегіне қарсы вакцинаны әлі ойлап таппаған. Кейбір елдер әдеттегі шешек ауруына қарсы екпе қолданады. Оның жұқпамен күрестегі тиімділігі – 85 процент шамасында.  Дертке шалдыққандарды қоғамнан оқшаулау әзірге тек Бельгияда енгізілді. Оларда 3 апта карантин.

А. Съезбек