Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан темір жолы жазғы маусымға дайын

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2022
  • 1554

Қазақстан темір жолы жазғы маусымға дайын. Ұлттық тасымалдаушы компания вагондар паркін біршама жаңартқан. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасына да баса мән беріліп  отыр. Биыл компания 15 мың жолаушыға дейін тасымалдауды жоспарлап қойған. Бұл былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп.

Бүгінде жолаушылар тасымалындағы  800-ден астам вагонның қызмет ету мерзімі 28 жылдан асқан. Компания  оларды біртіндеп жаңартуды жоспарлап отыр.  Биыл 73 жаңа вагон пайдануға беріледі. Ал, 2029 жылға дейін 500-ден астам вагон сатып алынады.

Жәнібек ТАЙЖАНОВ, «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ:

«Жолаушылар тасымалы» АҚ паркінде 2222 вагон бар. Ұлттық тасымалдаушыдан бөлек 10-нан астам жеке жолаушылар тасымалдаушы компаниялар бар екенін айта кету керек. Олар 30-бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Олардың техника паркінде шамамен 400 вагон бар.

Мекеме жазғы маусымға дайындықты бастап кеткен.  Барлық вагондарға салқындатқыш орнатыпты. Санитарлық талап та күшейген.

Ботагөз ӘКІМОВА, «ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ» АҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Жалпы тазалау жұмыстары 3 кезеңмен жүзеге асады. Бірінші кезеңді – арнайы тазарту дейміз. Ұсақ-түйекке дейін сүртіліп, жуылып, тазаланады.

 
Сонымен қатар пойыз билеттерінен заңсыз пайда табатындардың жолы кесілген. 2019 жылы іске қосылған «Мобиус» электронды жүйесі жолаушылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, алып-сатарларлықтан да арылытты.

Ерлан ЖИМАЙЛОВ, «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ САТУ ЖӘНЕ КЛИЕНТТЕРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұдан-былай, билет таппаған тұтынушыға «Күту парағы» бойынша кезектілік тәртібімен билеттерді сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр. Яғни, сіз іздіген билет табылмай шықса, сол сәтте «Күту парағы» батырмасын басып, билеттен аяқасты бас тартқан адамның билетін ала аласыз. Яғни, орын босаған жағдайда, сізге SMS-хабарлама келеді. Осы қызмет арқылы осы жылдың 4 айында 18 мың 300 адам билетті рәсімдеп үлгерген.
 
Ал, еліміздегі туристер ең көп баратын Алакөл аймағына 11 бағыт қарастырылған. ҚТЖдан басқа, жеке тасымалдаушы компаниялардың да пойыздары бар.  Жалпы биыл Алакөлге 210 мыңнан астам жолаушы барады деп болжап отыр.

Ә. Лесбек