Русский Сайттың толық нұсқасы

«Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі тұңғыш рет Түркістанда сахналанды

  • AstanaTV
  • 23 мамыр 2022
  • 1571

Түркістан музыкалық драма театрында   премьера!  «Қорқыт туралы аңыз»  пластикалық спектаклі тұңғыш рет сахналанды.   

Пластикалық спектакльдің өн бойында ақ пен қара, қайғы мен қуаныш, зұлымдық пен мейірім үздіксіз арпалысқа түседі. Актерлардың қимыл қозғалысы дүниенің жалған, тек ізгілік қана мәңгілік екенін көрсетеді.  Спектакльде Қорқыт пен жер бетін араздыққа айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.  Қазақ философиясы тарихында  ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін қалаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде белгілі тұлға туралы аңыз жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың  либреттосы бойынша қойылған. Спектаклді белгілі ресейлік балетмейстер, театр режиссері Константин Семенов сахналады. Көрермен премьераны ерекше ықыласпен қабылдады.

Таңшолпан СӘУЛЕМБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Өте керемет спектакль, қатты ұнады. Бұрынғы тарихи өзіміздің таспа таңбалардан бастап, адамның жаңғыруы, адамның пайда болуы тас дәуірінен басталған. Ерекшелігі декорациясынан, одан кейін  3Д форматты қолданған байқасаңыздар. 3Д форматтың өзі ерекше.
 
Айнұр КӨПБАСАРОВА, ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ӘРІ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл жерде сіздер адамның  көзбен, оймен, есті , ұғыну арқылы осындай тылсым дүниеге ену арқылы керемет осындай қойылымның куәгері боласыздар деп ойлаймын. Әрине, бұл жаңа дүние, тың дүние. Сондықтан бұл тың дүние болғандықтан әркімнің қабылдауы да әртүрлі болуы мүмкін. Ол көрерменнің өзінің қырағы көзіне, ұшқыр ойына байланысты.

А. Төребекқызы